Солтүстік Корея су тасқынына кінәлі шенеуніктерді өлім жазасына кесетіні туралы ақпарат тарады

1164
Adyrna.kz Telegram
Фото: KCNA
Фото: KCNA

Солтүстік Корея шілде айының соңында болған жойқын су тасқыны үшін кінәлі деп танылған 20-30 шенеунікті өлім жазасына кесті. Бұл туралы TV Chosun оңтүстік кореялық шенеуніктің сөзіне  сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды  “Адырна” ұлттық порталы.

Оңтүстік Корея арнасының атын атамаған дереккөзінің хабарлауынша, шенеуніктер су тасқынынан «залалдың алдын алмағаны» үшін өлім жазасына кесілген.

КХДР-ға арналған NK News порталы Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметінің (NIS) баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Сеул болжамды өлім жазасына қатысты жағдайды «жіті бақылап отыр» деп жазады.

Yonhap агенттігінің мәлімдегендей, Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын шілде айының соңында Чагандо және Пхенган-бук-до провинцияларындағы нөсер жаңбырдан келген шығын үшін шенеуніктерді жазалайтынын айтқан.

Оңтүстік Корея ақпарат құралдары КХДР-да су тасқыны салдарынан қаза тапқандар немесе із-түзсіз жоғалғандар саны 1 мың адамнан асуы мүмкін деп хабарлады. Алайда,  Ким Чен Ын мұндай деректерді «ойдан шығарылған», ал оңтүстік кореялық БАҚ-ты «қоқыс» деп атады.

КХДР билігі нөсер жаңбыр мен су тасқынынан зардап шеккен 15 мыңнан астам адамды ел астанасы Пхеньянға эвакуациялауға мәжбүр болды, деп хабарлады Солтүстік Кореяның KCNA ақпарат агенттігі.

Пікірлер