Медиа өкілдері жарты жылдан аса комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың ісін әділ тергеуді талап етуде

1674
Adyrna.kz Telegram

Отандық медиа өкілдері алты айдан астам уақыт комада жатқан ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың ісін мұқият бақылауды талап етуде, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп, мүгедек күйде оралған Ербаян Мұхтар есімді сарбаздың жай-күйі медиа өкілдерін де алаңдатуда.

Журналист Динара Сәтжан Қорғаныс министрлігіне үндеу жасап, істі бақылауда ұстауын тапсырды.

“Істі мұқият тексеру керек. Қорғаныс министрлігі оқиғаның себебін анықтау керек. Менің ұлым да қазір әскери борышын өтеп жатыр. Біз командирлеріне сенім артамыз. Бірақ олардың қатарында жақсы адамдар бола бермейді екен. Ербаянның басынан өткені кездейсоқ оқиға емес екені анық. Дені сап-сау жігіт отбасына мүгедек болып оралды. Бұл оқиға болмауы керек еді. Әскер қауіпсіз болуы керек емес пе?! Ол жақта қарны тоқ, дені сау қорықпайтын сарбаздар ғана қызмет етеді. Ал командирлер әкелеріндей қарайтын мықты адамдар болуы керек”, – деді журналист.

Одан кейін актер Тәуекел Мүсілім де әскерде борышын өтеп жатқан сарбаздарға алаңдайтынын жеткізді.

“Осында жағдайдан кейін ұлдарымызды әскерге қалай жібереміз?! Сарбаздарымызды мүгедек ететін әскер бізге не үшін қажет?”, – деп ашынды актер.

Сонымен қатар әнші Салтанат Бақаева да сарбаздың алған соққысын жауыздық деп болжады.

“Осыдан кейін қалайша балаңды әскерге жібересің. Алматының іргесіндегі әскери бөлімшеде болып жатқан оқиға. Басқа қалаларды не болып жатқанын ойлаудың өзі қорқынышты. Не деген жауыздық! Ата-анасына күш-қуат берсін!”, – деп жазды актриса.

Еске салайық, Бас әскери прокуратура алты айдан бері комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты мәлімдеме жасағанын жазған едік.

Пікірлер