"ЖЕТІ АТАҒА ТОЛМАЙ ҚЫЗ АЛЫСПАУ" ДӘСТҮРІ ӘЛСІРЕП БАРАДЫ

486

Қазақты ұлт ретінде ерекшелейтін маңызды белгілерінің бірі оның салт- дәстүрі. Бұл ұлттың болмысында тілі, жері, ұлттық нышандары сияқты өзіндік орыны бар дүние. Одан айырылған күні - ұлт өз бет әлпетінен, ұлттық ерекешелігінен де айырылуы мүмкін. Осы салт- дәстүрдің аса маңыздыларының бірі - жеті ата толмай қыз алыспау. Бұл сонау неше ғасырлардан бері келе жатқан ерекше дәстүр. Ата- бабаларымыз осы салтты ұстану арқылы жақын туыстардың қыз алыспауын, қан тазалығының болуын қадағалаған. Бұл біріншіден ұлттық тектілікті сақтау институты болса, екіншіден, қазіргі медицинада белгілі болғанындай, туыс адамдардың үйленуінен балалардың ақыл есі кем, кемтар болып туылуының алдын алады. Яғни ұлт салауаттылығының кепілі.
Соңғы жылдарда жаһандану үрдісінің күшеюі мен шетелдік идеологияның, руханиятының әсерімен жалпы ұлттық асыл салт- дәстүрді ұстану әлсірей бастады. Оның ішінде осы жеті атаны ұстану да бар. Бір рулас ел тығыз орналасқан кей ауылдарда жеті атаға толмай қыз алысып жатқандар да бар. Қайбір ауылдарда бұрынғының ақсақалдарындай қатаң тиым салатын, сөзі жүретін ақсақалдар да жоқ. Қала маңындағы қырық рудан құрылған ауылдарда салт- дәстүрге үндейтін ақсақалдар түгілі, көршілер бір - бірін танымайды. Жастар интернетте танысып, тез бас қосып жатады. Кейде ру сұраспайды. Осының бәрі дала заңының бұзылуына әкеле жатыр.
Салт- дәстүр заңмен реттелмейді. Ол ел ішінде жазылмаған заңдармен ұлттық ұстанымдармен реттеледі. Бұған діннің де қатысы жоқ. Қазақ даласындағы осы мәселелерді реттеп шешім шығарып отыратын ақсақалдар институты жойылғалы бұл сол баяғы инерциямен инстинкті түрде ғана жалғасып келеді. Сондықтан болар бұл дәстүрді ұстануда әлсіреу байқалады. Жеті атаға толмай қыз алысу, жастардың бұл салтқа ескіліктің белгісі ретінде қарауы осының белгісі.
Жақында Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылының ақсақалдары жиналып, жеті атаға толмай қыз алыспауға қатысты шешім шығарды. Осы мәселені реттеп отыратын ақсақалдар алқасы құрылды. Олар ағайын арасында, жас ұрпақ ішінде осы салтты насихаттап, маңызы мен мәнін жеткізіп отыруға міндеттенді.
Жалпы бұл барлық ауылдарда қолға алынуға тиіс. Ертеңгі күні ағасы қарындасын алып масқараға тап болмас үшін, ұлттық дәстүрден алыстап кетпес үшін ауылдарда ақсақалдар алқасы құрылып, жеті атаға толғандарына рұқсат беру немесе бермеу мәселесін ретеп отыруға тиіс. Бұл тек салтты сақтап қалу жолы ғана емес, ұлттың саулығы мен ұрпақтың тектілігі үшін аса қажетті ұлағатты парыз.
Сіз не дейсіз?

Әділбек Қаба

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер