Шыңжаң түрмесінде қамауда отырған қазақ зиялыларының тізімі жарияланды

5590
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Жас Алаш
Сурет: Жас Алаш

Әлеуметтік желіде «Шыңжаң түрмесінде қамауда отырған қазақ зиялылары» деген тізім жарияланды. Ұсталып кеткендердің тізімінде Қытайдың Шыңжаң өңірінде әртүрлі салада қызмет еткен ұлты қазақ азаматтардың аты-жөні және бұрынғы қызметі көрсетілген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Жас Алаш» газетіне сілтеме жасап.

Қамауда отырғандар:

Қанат Ережеп, «Шыңжаң» телевизиясы басшысының бұрынғы орынбасары, қазір зейнеткер.

Асан Әбеу, «Шыңжаң халық баспасы» бас редакторының бұрынғы орынбасары, зейнеткер.

Әлімтай Биәділ, Үрімжідегі №36 орта мектептің математика мұғалімі.

Қасым Оқанұлы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің сыртқы істер басқармасы басшысының орынбасары болған.

Жеңіс Шайх, журналист, «Шыңжаң» газетінде біраз жыл қызмет істеген. Кейін Шынжаң өлкелік ПК-ның үгіт-насихат бөлімінде істеген.

Нұржақан Өнерхан, Үрімжі қаласындағы жалғыз қазақ тілді орта мектеп – 36 орта мектебінің оқытушысы;

Расімият Қабылқақұлы, «Шыңжаң» телеарнасының қарамағындағы балалар телеарнасында сценарист болып жұмыс істеген.

Оңалған Мүлікұлы, «Шыңжаң» газетінің белді аудармашысы.

Жәнібек Жәудәтұлы, «Шыңжаң» газетінде тілші, аудармашы болып жұмыс істеген.

Мұрат Ыбырайұлы, ақын, жазушы. «Шыңжаң» газетінде тілші, редактор, аудармашы болған. 2020 жылдан бастап «Шұғыла» журналында жұмыс істеген.

Әділ Семейханұлы, «Шыңжаң» газетінде тілші, редактор, бөлім меңгерушісі болып 40 жылға жуық қызмет етті.

Береке Жұман, «Шыңжаң» газетінде аудармашы, бөлім басшысы болған.

Есбол Шаймарданұлы, Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ғылыми қызметкері. Ғылым докторы.

Думан Жақыпұлы, Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ғылыми қызметкері. Ғылым докторы.

Қуандық Көбенұлы, «Шыңжаң» телеарнасының жүргізушісі. Қазақ даласындағы балбал тастарды зерттеп жүрген жас ғалым.

Қайрат Домалин, «Шыңжаң» телеарнасының белді жүргізушісі болған. Кейін жеке кәсіппен айналысқан.

Қанат Абзалұлы, «Шыңжаң» газетінің көркемдеуші редакторы.

Мұратхан Мұқанұлы, Шыңжаң, Шонжы аудандарында прокурор орынбасары болып қызмет атқарған.

Ғарапа Нәсиоллаұлы. Бейжіңдегі Ұлттар университетінің түлегі, әнші, сазгер.

Қалысбек Бабанұлы, әнші, композитор.

Нұрбақ Биғазин, мәдениет саласының қызметкері.

Жеңісхан Нүсіп., «Шыңжаң» халық радиосының қызметкері.

Еске салайық, 2017-2020 жылдары Қытайдың Шыңжаң өңірінде азшылық ұлттарды қудалау, түрмеге жабу саясатының қатаң жүргізілгенін халықаралық құқық қорғау орындары мен әлем ақпарат құралдары айтқан еді. Алайда Қытай билігі мұндай айыптауларды жоққа шығарып, саяси лагерьлерді «кәсіпкерлікке үйрету орталығы» деп атаған еді.

2020 жылдан соң Қытайдағы саяси жағдай сәл де болса жақсарғандай көрінді. Қытай көршілерімен шекарасын ашып, барыс-келісін қайтадан қалыпқа келтіре бастады. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Қытайдың соңғы бірнеше жылдағы саяси-экономикалық байланысының жақсара түскенін атап айтқан жөн. Тіпті екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз режим орнады. Алайда мұның бәрі Шыңжаңдағы саяси жағдайды толық жақсарта қоймады. Сырт көзге саяси қысым азайғандай сезілгенімен аласапыран әлі де басылмапты.

Бұған дейін таяуда ғана Қытайға сапарлап қайтқан Жақсылық Қазымұратұлының Шыңжаңдағы саяси жағдай туралы жазған мақаласын ұсынған едік.

Пікірлер