Ұлттық құндылықтарымыз дәріптейтін этно-лагерь

445
Adyrna.kz Telegram

Халқымыздың ешкімнен ұялмайтын тарихы мен мәдениеті, руханияты, салт-дәстүр, ырым-тыйымдарына сүйене отырып, Ақадыр ауылының жалпыорта білім беретін мектеп аумағында осымен екі жыл қатарынан іші дәстүрге сай безендірілген киіз үй құрылып, этноауыл жасап, ұлттық кұндылықтарымызды насихаттау мақсатында төл мәдениетімізді жаңғырту бағыты көзделді. Жаз айлары басталысымен барлық білім беру мекемелері жанынан жазғы тынығу лагері ашылады. Бұл - оқушылардың демалыс уақытын тиімді әрі қызықты өткізудің бірден-бір жолы. Этнолагерьдің ашылуына және бір күндік лагерь жұмысын көру үшін қонақтарымыз аудандық ББ басшысы Кенжеболатова Динара Шәймерденқызы мен аудан әкімінің орынбасары Жусупов Қанат Амантайұлы келіп ерекше ықыластарын білдіріп, лагерьдің жұмысына алғыстарын айтты.

Этнолагерь жұмысын бастамас бұрын, алдымен оның сыртқы көрінісін ерекше безендіруді жоспарладық. Этнолагьрге мектеп қабырғасындағы барлық оқушылар қамтылып, екі аусыммен жұмыс жасады. «Шын шеберге шаршы алаңда тұсау жоқ» демекші, лагердің алғашқы күндерінен – ақ өнерлі оқушыларымыз жүрген жерлерін әнмен әрлеп, би билеп думандатты. Талапты да талантты балалардың қалыптасқан дағдыларын әрі қарай шыңдау мақсатында сабақ кестесі де соған сай құрылды. Балалардың әр уақыты құнды әрі жүйелі өту мақсатында күнделікті күн тәртібі бекітілді. Таңертең таңғы жаттығудан бастап, түрлі сабақтарға, үйірмелерге қатысты. Этнолагерьдегі бармағынан бал тамған шебердің барлығы – мектебіміздің мұғалімдері мен ата-аналар. Оқушыларымызға тұрмыстық қажеттілікке байланысты мектеп ауласына киіз үй тігіліп, алты бақан, бес асық ұлттық ойындары, ұлттық тағамдарымыз ет асу,қымыз, баурсақ пісіру, май бұлғау, құрт жасау сияқты қазақы ұмыт қалған ата дәстүрлерді жаңғырту мақсатындағы ата-әжелердің құрақ құрау, ұршық иіру, ши тоқу барысындағы рухани-тәрбиелік мәні бар дәстүрлер көрсетіп, жазғы лагердің мақсат - міндетін айқындады.

Ал тәуелсіздік алған соң өмірге келгендер қазақы тұрмыстың шет жағасын көрді десек, бүгінгі ұрпақ, әсіресе қала мен қала маңындағы ауыл балалары ұлттық жауһарларды кинолар мен көрмелерден көріп жүр. Ұлтының жәдігерлерінен жатырқап жүрген жеткіншектер жоқ, Абай айтқандай, «көрсем, білсем, үйренсем» деп құлшынып-ақ тұр. Баба өнерін меңгеріп, ұлттық ойынын ойнап, домбырамен ән салып, қымыз ішіп шаттанып жүрген жеткіншектердің небәрі жиырма күнде этнолагерь көзді ашып жұмғанша өте шықты. Мұндай танымдық жұмыс кезінде оқушылар шапшаң сөйлеуді үйренеді, оқу жылдамдығын дамытады, қатарластарымен бірге топтық жұмыс істеуге де бейімделеді. Баланы еңбекке баулу және өз ұлтының дәстүрімен, тарихымен сусындатып шығаруды шамшырақ етіп алға қарай беттеген мектеп ұжымының еңбегі ұшан-теңіз.

«Жастайынан үйретсең тасқа ойған таңбадай, қартайғанда үйретсең суға құйған ақ сүттей» деген сөз бар ғой. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларынан бастап қолөнермізді дәріптеп жатсақ – еңбегіміздің зая кетпегені.

Пікірлер