Бюджеттің жартысы Ұлттық қордан алынуда. Экс-премьер тағы бір шындықтың бетін ашты

2170
Adyrna.kz Telegram

Бюджеттің жартысы Ұлттық қордан алынып отыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сондай-ақ, ол Үкіметтің бюджет қалыптастыру кезінде жіберетін кемшіліктеріне тоқталды.

«Басты проблема — бюджеттің тұрақты тапшылығы. Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыз тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақмерзімді жоспар қажет», — деді ол.

Сондай-ақ, ол Ұлттық қорды басқарудың нормативтік құқықтық базасы тұрақтандыру керектігін айтты.

«Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз. Қарыз алу құралын кеңінен қолдану да борыш жүктемесінің тәуекелін арттырады. Қазірдің өзінде борышты өтеу және қызмет көрсету шығыстары бюджеттің барлық түсімдерінің 17%-дан астамын құрайды», — деді бас аудитор.

Пікірлер