Мемлекет басшысы Almaty TV телеарнасына құттықтау хат жолдады

546
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Almaty TV ұжымын телеарнаның 25 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы тілек хатында телеарнаның ширек ғасыр ішінде көптеген бірегей жобаларды жүзеге асырып, игі бастамалар алаңына айналғанын атап өтті. Almaty TV арнасында көрермендердің көңілінен шыққан ақпараттық, сараптамалық және мәдени-танымдық бағдарламалар аз емес.

«Бүгінде «Almaty» телеарнасы өз аудиториясы қалыптасқан республикалық медиақұрылымға айналды. Ұжым өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қызмет етіп, телевизия саласын заман талабына сай дамытуға үлес қоса бересіздер деп сенемін. Ұжымға толағай табыс және шығармашылық шабыт тілеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ телеарна ұжымын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министр Олжас Бектенов, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, тағы басқалар құттықтады.

Салтанатты жиын барысында арнаның барлық қызметкерлеріне алғыс хаттар мен ведомстволық марапат тапсырылды.

1999 жылы Almaty TV негізі қаланды. 2022 жылдың тамызынан бастап телеарна мемлекеттік мәртебеге ие болды. Сол жылы Almaty TV телеарнасына ребрендинг жасалды.

Соңғы екі жылда телеарна рейтингі 70% пайызға өсті. «K Research Central Asia» мәліметтері бойынша соңғы жылы бірегей көрермен саны 4,2 млн болып, мемлекеттік тілдегі өзіндік өндіріс мөлшері 83% жетті.

Телеарна ұжымы мерейлі жылы әлеуметтік және қайырымдылық бағытындағы 40 шақты іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Мысалы, жаңалықтар эфирінде «25 қайырымды іс» айдары, ал digital-платформада балаларға арналған «Арманыңа жет» атты жоба жарыққа шықпақ.

Пікірлер