Қазақстан үкіметінің дегенін ресейліктер кейінге сырғытты

1503
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның үш қаласында – Көкшетау, Семей және Өскеменде ресейліктер 2024 жылға уәде еткен ЖЭО құрылысының басталуы кейінге шегерілетіні айтылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ресейлік энергетика саласындағы сауда басылымы «Переток.Ру»-ға сілтеп.

«Біз құрылыстың ертерек емес, 2025 жылы басталатынын болжап отырмыз», - деді Петербург халықаралық экономикалық форумы (СПИЭФ) алаңында ресейлік «Интер РАО» корпорациясының бас директоры Сергей Дрегвал.

Оның айтуынша, жобаларда негізінен ресейлік техниканы пайдалану жоспарлануда.

«Біз келісімшарт бойынша жабдықты жеткізушіміз және құрылысты қадағалаймыз, біз мердігер болмаймыз; Біз ресейлік техниканы, оның ішінде УТЗ-ды (Интер РАО-ға тиесілі – басылым) жеткізуге тырысамыз», - деді Дрегвал.

Айта кетейік, бір апта бұрын, 28 мамырда үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысын бастау биылғы жылдың жазына жоспарланғанын мәлімдеген болатын.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Ресей Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі арасында Көкшетау жылу электр орталығы, Семей жылу электр орталығы, Өскемен жылу электр орталығы құрылыс жобалары бойынша ынтымақтастық туралы өзара меморандумға қол қойған болатын. Жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның уәкілетті ұйымдары «Самұрық-Энерго» АҚ, ал Ресейден «INTER RAO - Export» ЖШС жауапты.

Пікірлер