"Ұзартқышпен қылқындырған". Қостанайлық бұрынғы полицей әйелін өлтіргені үшін тоғыз жылға сотталды

1198
Adyrna.kz Telegram

Қостанай патрульдік полиция батальонының бұрынғы инспекторы, 25 жастағы Жаслан Төлегенов әйелін өлтіргені үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеп. 

«Сот сотталушыны әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы «полиция аға лейтенанты» арнайы атағынан айырылды», - деп қорытындылады Қостанай облысы ТЖД.

Ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Сотта ер адамның әйелін электр ұзартқышымен тұншықтырып өлтіргені айтылды. Содан кейін ол мәйітті гаражға апарып, дарға асу арқылы өз-өзіне қол жұмсады деп жаппақ болған. Ерлі-зайыптылардың артында екі кішкентай баласы қалды.

Қостанай жаңалықтарында осыған дейін 2023 жылдың 19 қазанында Жаслан Төлегеновтың көпірден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған жас жігітті құтқарып қалғаны айтылады.

Ол әйелін 2023 жылдың 31 қазанында өлтірген. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің өлімі мойынның қысылуынан механикалық асфиксия салдарынан болған.

Сотталушы өз кінәсін мойындап, ісіне өкінді. Бұрынғы полицейдің кінәсі жәбірленушінің шағымымен, куәлар мен сарапшылардың дәлелдемелерімен, қылмыстық іс материалдарымен, оның ішінде тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен және зерттеулерімен дәлелденді.

Сот экс-полицейдің жазасын «қылмыстық құқық бұзушылық жасауға себеп болған жәбірленушінің азғын мінез-құлқына» байланысты жеңілдетілгенін атады.

 

Пікірлер