Қос портта ірі теңіз көліктік-логистикалық кластері құрылады

1073
Adyrna.kz Telegram
Фото: portaktau.kz
Фото: portaktau.kz

Ақтау және Құрық портында ірі теңіз көліктік-логистикалық кластері құрылады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы 24KZ-ке сілтеп.

Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асатын жобалар су айлақтарынан жүк жөнелту және оны қабылдау мүмкіндіктерін ұлғайтады. Тағы бір маңызды тұсы, әкімшілік кедергілер азаяды.

Құрық паром кешені арқылы Әзербайжанға мұнай, металл, дәнді дақылдар тасымалданады. Өткен жылы әртүрлі жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2 млн тоннадан асты. Биыл жыл басынан бері 700 мың тоннадай жүк өткен. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша портта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Соның бірі – теңіз түбін тереңдету. Сондай-ақ қосымша айлақтар салу күн тәртібінде тұр.

«Қазіргі уақытта түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін компания анықталды. Бұл – осы саладағы көшбасшы «Ян де Нул» компаниясы. Аталған жұмыстар маусым айында басталып, жұмыстар порттың барлық акваториясында жүргізілетін болады. Бұл порт акваториясында қосымша 5 айлақ құруға мүмкіндік береді», - «Құрық» теңіз портының сектор бастығы Айтқали Нұрмағанбетов.

Биыл Құрық портында жаңа терминалды іске қосу жоспарланған. Нысан жылына 1 млн тонна астық сақтап, жөнелтуге қауқарлы. Бұдан бөлек, 8 айлақтың құрылысы басталмақ. Бұл су айлағы аумағында жүк тиеу алаңын 220 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб құрылысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бірлескен жоба құны – 43 млрд 462 млн теңге.

«Қазіргі уақытта корпоративтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Контейнерлік хаб – бірлескен жоба. Оны Ақтау теңіз сауда порты, қазақстандық мультимодальдық логистика компаниясы мен қытайлық «Ляньюньган» порты жүзеге асырады. Хаб Ақтау су айлағы арқылы 2025 жылы 92 мың, ал 2034 жылы 200-300 контейнер қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік береді деп жоспарланған», – «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ көлік-логистика бөлімінің жетекші маманы Талғат Нагуманов.

Каспий деңгейінің түсуі қазақстандық порттардың кеме қабылдауына кері әсер етті. Ақтау портында да теңіз түбін тереңдету қолға алынды. Геологиялық барлау жасалып, жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Ең бастысы, порт жұмыс қуатын жоғалтқан жоқ. Биыл қаңтар-сәуір айлары 1 млн 541 тоннадан астам әртүрлі жүк өткізді. Соның 1 млн 248 мың тоннасы – мұнай өнімдері. Ал 2023 жылы жалпы көлемі 4 млн 483 мың тонна болатын жүктер ауыстырып тиелген.

Пікірлер