Home » Басты тақырып » Мемлекет Сізге «сауын сиыр» емес Көлгінов мырза!

Мемлекет Сізге «сауын сиыр» емес Көлгінов мырза!

Соңғы кезде қазақ қоғамы атылғалы тұрған жанартау тәрізді. Ұлттық мәселеден бастап тұрмыстық деңгейге дейін қоғамның қатаң бақылауында. Анығы, қоғамның жүйкесі домбыраның ішегіндей тартыла-тартыла шегіне жетті. Аптаның аптығына айналып, саясаткерден бастап таксиге дейін ең көп талқылаған тақырыбы елордадағы LRT жобасы.

Оған себеп болған президент Тоқаевтың бұл жобаны сынға алуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  LRT жобасының Үкіметке қосымша жүктеме болатынын мәлімдеген болатын. Ол мұндай қымбат көлік өз ақысын ақтай алмайтынын жеткізді.

«Нұр-Сұлтандағы LRT жобасы сапасыз жоспарлау проблемасына куә болып отыр. Халық үшін ыңғайлы, қолайлы көліктің орнына қымбат тұратын көлік түрі ұсынылған. Сәулетші мамандардың пікірі ескерілмеген деуге болады. Әкімдіктің деректеріне сүйенсек, жобада халық ағымы тәулігіне 146 мың адамға жетеді. Қазіргі уақытта осыған ұқсас маршрут бойынша әуежайдан вокзалға дейін қатынайтын адам саны 2 мың адамды құрап отыр. Сіздер жолаушылар ағынын 70 есеге дейін қалай көтерейін деп отырсыздар, маған түсініксіз. Өз шығынын өтей алмайтын жоба үнемі субсидия алып отырады және Үкіметке жүктеме болып отырады деген қауіп бар. Айтпақшы, Астана банкіндегі қытайлық несиенің бөлігі 100 миллиард теңгенің жоғалғанын білеміз. Олар жоқ, жоғалды», – деді президент.

Жақында ғана тағайындалған Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов бұл жобаны орта жолдан тоқтата алмайтынын мәлімдеді. Дамыған қоғамда адамдар қоғамдық көлікпен жүреді екен. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда жобаны оңтайландыру арқылы құрылыс шығынын азайту бойынша жұмыс басталған.

«Сын айтылды. Енді соның негізінде жұмыс істейміз. Орта жолдан қалай тоқтатамыз? Халықаралық міндеттеме деген бар. Ең бастысы, құрылысты сауатты әрі сапалы етіп жолға қою керек. Ақшасы мен инфрақұрылымын нақты мамандар есептейтін болады. Жобаның құны қысқаруы мүмкін. Қазірдің өзінде қаншама жұмыстар жасалып қойды. Бұл жоба – болашақтың жобасы. Ел астанасы әлі өсетіні анық. Бұрын қандай қала еді, қазір қандай қала? Халқы осынша өсетінін ешкім болжай алған жоқ. Дамыған қоғамда адамдардың көбі қоғамдық көлікпен жүреді. Аспалы теміржол – соның бірі »  , – деді Алтай Көлгінов мырза.

Ал, қоғам белсендісі, экономист Мұхтар Тайжан әкімнің бұл пікірімен келіспейді.  «Астана LRT құрылысын тоқтату қажет. Әйтпесе проценті бар 2 млрд доллармен тағы бір қаржылық құлдыққа кіреміз. Жобаны тоқтатып, бетон бағаналарын бұзып, бүгінгі күнге дейінгі кеткен шығынды тіркейік. Бұл шығындарды шешім қабылдаған шенеуніктердің мойнына ілу керек. Кімнің қолы қойылғанын білу үшін құжаттарды тексерейік. Сот шешімі осылай болсын» деді Тайжан. Оның айтуынша, бұндай жоба үшін Нұр-Сұлтандағы халық саны 20-30 миллион адамды құрау қажет. “Біздің әуежай Франкфурт, Нью-Иорк немесе Лондондікі сияқты үлкен болу қажет”.

«Қытайда мұндай шенеуніктерді алаңға шығарып, жұрт алдында атып тастайды. Бірақ, біздің адамгершілігіміз бар. Тек халықтың ақшасын қайтарсын», – деді экономист.

Танымал кәсіпкер Айдын Рахымбаев бұл жобаны тоқтатуды ұсынды. Оның айтуынша, қарапайым қала тұрғыны және салық төлеп отырған азамат ретінде ЛРТ – елордаға пайдасыз жоба.

«Келіңіздер, есептеп көрейік: жобаға бөлінген бюджеттің 2 миллиард доллары,яғни жобаның 10-12 %-ы жұмсалды деп есептеймін. Бүгінгі Президенттің сөйлеген сөзінен белгілі болғандай, Астана Банкінен тағы 10-12% жоғалды.
Мен құрылысшы ретінде айтайын, салынған колонналар, өтпе жолы, станциялар мен жылжымалы құрам қымбат емес. Шығынның көкесі әлі алда. Тіпті бұл жерде несие бойынша жылдық пайызды қоса есептемей қарастырамыз (егер бюджет қаражаты болса, инфляция, уақыттың ақшасы және т.б.). Алдағы шығын жартылай бос вагондардың 3%-ында қамтымайды.Сонда жобаны қорғау барысында қалай 3% деп есептеп шығуға болады?!
Жақсы, бірнеше жыл бұрын олар есептеуден қателескен болар, бірақ қазір не істеу керек екені анық», – деді Айдын Рахимбаев.

«ЛРТ жобасын осы жерден тоқтатқанымыз жөн. Өйткені әрі қарай жалғастыратын болсақ, үлкен шығынға батамыз. Әзірге тек колонкалар ғана ғой. Сол бетондарды басқа бағытта пайдаланғанымыз дұрыс. Және осыған жұмсалатын 1 млрд ақшаға бірнеше керемет автобустарды сатып алып, халыққа қолайлы жағдай туғызу мақсатында 1 минут сайын жүретіндей жағдай жасаған әлдеқайда артық», – деді ол.

Осы LRT жобасын жасаған адамдар мен жобаға қол қойғандар жауапқа тартылуы тиіс. Өйткені, олар елордадағы халық саны мен жобаға кететін шығын санын анық білді. Мемлекеттің ақшасын мақсатты түрде талан-таражға салды. “Астана” банкіндегі жоғалған жобаның 12 пайыз ақшасын кім қайтарады? Осыған жауапты тұлғалардың бәрін жауапқа тартпай көкейдегі күдік сейілмейді.  Әйтпесе, мемлекетті сауын сиырға айналдырғандар жазадан құтылып кете берсе халықтың да билікке деген сенімі сетінейтіні анық.

Әкімнің “ең бастысы, құрылысты сауатты әрі сапалы етіп жолға қою керек. Ақшасы мен инфрақұрылымын нақты мамандар есептейтін болады” деген сөзіне қарағанда осыған дейін жобаны “нақты мамандар” есептемеген бе? Сонда осыған дейінгі жасалған жұмыстар “сауатсыз әрі сапасыз” екенін мойындап отырған әкім ары қарай қалай жалғастырмақ? Ертең апатты жағдайлар орын алып жатса кім жауап береді?

Айтпақшы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мырза әкім орынтағына отырар-отырмастан басы дауға қалған еді.  Әкімдік креслосы мен жиһаз үшін тендер жариялаған әкімдік артынша “Караван” газетінің сайтына шыққан мәліметтерді теріске шығарған болатын. Басылымның жазуынша «атқарушы кеңсе» үшін жиһаз жиынтығын сатып алу мақсатында  әр жиһазға 1 540 285 теңгеден, жалпы сомасы 3 080 571 теңгеге бағаланған.

Хабарламаға сәйкес, олардың барлығы ламинатталған былғары теріден және миландық қар жаңғағы түсті болу керек екені айтылды.

Сондай-ақ, әкімдік басшысы үшін төрт кресло сатып алуға тендер жарияланды. Осы мақсатта 840 607 теңге, яғни әрбір кресло үшін  210 151 теңге бөлу жоспарланған.

LRT туралы деректер мен дәйектер.

200о жылдары астанадағы халық санының артуына және әуе рейстерінің көбеюіне байланысты әуежайдан қалаға дейін әрі жылдам, әрі арзан жоба LRT-ны салу туралы қала әкімдігі бастама көтерді. Әу баста әр түрлі балама нұсқаларды қарастырғаннан кейін, кәдімгі жерасты метрополитені мен монорельсті жолды қоса алғанда, 2005 жылы қала әкімдігі “Астананың жаңа көлік жүйесі” бағдарламасын қабылдады.

Қазақстан астанасының жүрдек көлік жүйесіне қаланың  орталығы мен Шығыс шағын аудандарын байланыстыратын ұзындығы 10 километр,  жылдам қатынайтын көп секциялы жүрдек автобустардың маршруты кіруі тиіс еді.

Жүйе құрылысын 2008 жылы бастау жоспарланған болатын, бірақ кейінге қалдырылды. 2011 жылғы 4 шілдеде құрылысты ресми бастау рәсімі өтті, бірінші кезек 2,5 жылда салынуы тиіс. Алайда, нақты жұмыстар басталған жоқ.

2013 жылғы қарашада Нұрсұлтан Назарбаев LRT жобасының қымбат болуына байланысты  құрылысынан бастартатынын  мәлімдеді. Оның орнына  жүрдек автобустарды іске қосуға уәде берді.

2015 жылғы 7 мамырда “Астана қаласының жаңа көлік жүйесі.” аясында  “Астана LRT ” ЖШС мен” China Railway International Group Limited “және” Beijing State-Owned Assets Management Co., Ltd” арасында   LRT жеңіл рельсті көлік жүйесін бірлесіп  салу туралы келісім-шартқа қол қойылды.

Құрылыс ресми түрде 2017 жылдың мамыр айында басталды.

LRT-ның құрылысы 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталу жоспарланған болатын. 2020 жылдың жазында пайдалануға берілу керек еді. Жобаның құны бір миллиард 887 миллион доллар. Ұзындығы – 22,4 шақырым.

Оңғар Қабден

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ ИДЕОЛОГИЯЛАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСЫ

Қазақстанда сәләфилік идеологиялық ағымдардың сопылардан басымдығының кейбір ерекшелігіне тоқтала кетейік. Араб тіліндегі «сәләф» сөзі «алдыңғы ...