Қостанайда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналған баспана құрылысы басталды

738
Adyrna.kz Telegram

Қостанайда көктемгі су тасқыны кезінде баспанасынан айырылған халық үшін жеке тұрғын үйлердің құрылысы басталды. 21 мамырдан бастап «Қонай» шағын ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімі Марат Жүндібаев бүгін жұмыс барысымен танысты. Әкімнің айтуынша, жалпы облыс орталығында тасқыннан зардап шеккен 96 үй қайта қалпына келтірілмейді деп танылған.

- Әзірге тек 9 адам жеке тұрғын үйдің құрылысына келісімін берді. Өздеріңіз көріп отырғандай, мердігер жұмысқа кірісіп кетті. 8 зардап шегуші әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. Қалғандары пәтерге көшуге бел буып отыр. Қазіргі күні 20-дан артық пәтерге қатысты жалпы құны жарты млрд теңгеге келісімшарт жасалды, - деп хабарлады Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Бұл жерде тасқыннан зардап шеккендерге арналып жалпы көлемі 80 шаршы метрлік 9 жеке тұрғын үй бой көтермек. Олардың барлығына су, жылу, жарық, газ тартылып, аумағы абатандырылатын болады. Құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау жоспарлануда.

Құрылыс барысымен танысқан қала басшысы табиғи апаттың зардабын жоюға бағытталған жұмыстарды сапалы әрі жедел жүргізуге барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын атап өтті.

Пікірлер