“Шыдағаныңша шыда”. Зомбылыққа төзуге шақырған блогер елдің сынына ұшырады

1025
Adyrna.kz Telegram

Желіде танымал дәрігер-блогер Балнұр Қошанова әйелдерге жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты көзқарасымен қазақстандықтардың ашуын тудырды. Оның ойынша, әйелдер күйеуі ұрса да барынша шыдамдылық танытуы керек, деп хабарлайды “Адырна” порталы Total.kz сайтына сілтеме жасап.

«Соңына дейін шыдамды болыңыз. Аллаға ұнамайтын ең жаман нәрсе - ажырасу. Ерлі-зайыптылардың арасында не болатынын ешкім білмейді, тек өзіңіз ғана. Әйел 5000 сөз айтса, ал еркек соның 20-сын ғана айта алады, содан кейін сөзі таусылғанда, жұдырығын жұмсайды. Ол жайдан-жай ұрмайды, әр нәрсенің себебі бар. Ал балалар ше? Жанында ата-анасы болмаса, балалар бақытты бола ма?» - дейді Қошанова видеода.

Бұл ұстаным қолданушылардың наразылығын тудырды.

Желіде туған хейттен кейін блогер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты айтқан өз пікірін өшіріп тастаған көрінеді. Кейін ол жаңа жазба жариялады.

«Мен шыдағаныңша шыда дедім. Өлтіріп, көк ала қойдай болғанша шыда демедім. Өкініштісі көбі солай түсініпті. Екеуіңді ешкім күштеп қосқан жоқ. Сондықтан үшінші адам араласпауы керек. Тіпті психолог. Өзіңе жауапкершілік алып үйрен», - деп жазады Қошанова өз пікірін растай отырып.

Балнұр Қошанова – кәсіби дәрігер, гинеколог-эндокринолог, оның Instagram желісінде 500 мыңнан астам жазылушысы бар.

Пікірлер