Су тасқынына қарсы күрескендерге құрмет көрсетілді

5344
Adyrna.kz Telegram
Фото: ixbt.com
Фото: ixbt.com

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, онда көктемгі су тасқының салдарын жоюға атсалысқан бір топ ақмолалықты марапаттады.

Ақмола облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылы өңірдегі бірлік мерекесі су тасқынынан кейінгі жағдай аясында қарсы алынып отыр. Халықтың бірлігі арқасында су тасқынына қарсы күресте бірде-бір ақмолалық көмек пен назардан тыс қалмады.

Мерекелік шарада өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полиция қызметкерлері, еріктілер, кәсіпкерлер, медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында облыс басшысы барлық қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, күн сайын еліміздегі келісім, бірлік пен бейбітшілікті сақтауға өз үлестерін қосатын барлық ақмолалықтарға алғысын білдірді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» 33-ші сессиясында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысудағы рөлін атап өтіп, республикадағы тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту бойынша бірқатар жаңа міндеттер қойды. Бірнеше апта бойы құтқарушылар, полиция қызметкерлері, әскерилер, еріктілер, медицина қызметкерлері және басқалар күндіз-түні қиын жағдайда жерлестеріне көмектесу үшін аянбай еңбек етті. Қиын кезде облыстың әрбір тұрғыны бірліктің, жанашырлықтың және бір біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсете білді», - деді Марат Ахметжанов.

Салтанатты шарада өңірдің қоғамдық-саяси өміріне, сондай-ақ су тасқыны кезеңінде және қоғамдық келісімді нығайтуда өз үлестерін қосқан іс-шараға қатысушылар марапатталды.

Ересектермен бірге су тасқыны салдарын жою шараларына өскелең ұрпақ өкілдері де өз үлестерін қосты. Мәселен, Бұланды ауданындағы «Балдырған» балабақшасының тәрбиеленушісі Абай Ағзам өзінің жасына қарамастан аудандық штабта гуманитарлық көмек жинауға үлес қосты.

Ақмола облысы ТЖД Ақкөл қаласындағы №26 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі аға сержант Данияр Аңсариев өрт бригадасының құрамында су тасқыны жағдайын жою үшін Аршалы ауданының Жібек жолы ауылына жіберілді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық кезеңде 2 мыңнан астам қап тасымалданды және елді мекендерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді. Еріген қар суын сору бойынша жұмыстар жүргізіліп, бөгеттер нығайтылды.

Жиын соңында  Көкшетаудағы су тасқынынан зардап шеккен Шиловтар мен Сәрсенбаевтар отбасыларына пәтер кілті табыс етілді. Жалпы, облыс орталығында барлығы 14 отбасы баспаналы болды.

Пікірлер