Ресейде сотталған қазақстандықтар Украинадағы соғысқа бара ма?

1611
Adyrna.kz Telegram
Фото: Lents.ru
Фото: Lents.ru

Интернетте тергеуде жүрген немесе Ресей түрмелерінде отырған Қазақстан азаматтары Украинаға қарсы соғысқа алынып жатқаны туралы ақпарат тараған. Бұл туралы бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан сұралды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Бұл қате ақпарат, Қазақстанның Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқан немесе тергеуде жүрген бірде-бір азаматы әскери әрекетке тартылмаған. Мен сізге кепілдік бере аламын», - дейді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ СІМ өкілі қателесіп соғысқа барғысы келген қазақстандықтар туралы айтты.

«Қазақстанның 10-ға жуық азаматы тергеуде екендігі фактілері бар. Бірақ біздің мәліметтеріміз бойынша, олар Telegram арналарында, әлеуметтік желілер арқылы жұмыс тауып, сол үшін барған. Біз олармен бірнеше рет байланысқа шықтық, консул оларға бірнеше рет барды, жеке кездесті және барлық айыптаулардың дұрыстығын қадағалап отырды. Консулдық және құқықтық көмек оларға көрсетіліп жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің Украинадағы соғысына Қазақстаннан барған тағы бір адам туралы мәлімет тарағанын хабарлаған едік. 

Пікірлер