Украина бизнесі Өзбекстанға өтіп жатыр. Қазақстан ЕАЭО-ға арқандалған

2466
Adyrna.kz Telegram

Украина бизнесі ұзақ уақыт бойы кәсіпорындарын оқшаулауға арналған орын іздеп жүр. Оған елдегі қымбат жабдықтарды соғыс зардабынан қорғау себеп болып отыр. Олар әуелде Қазақстанды балама мекен ретінде қарастырғанымен, кейіннен кейбір Украина компнаияларының Өзбекстанға келіп жатқаны мәлім болды.

Бірінші кезекте украиналық өнім өндірушілер Польша, Румыния және Венгриядағы өндірістік алаңдарды қарастырды. Бұл елдерде қолжетімді білікті қызметкерлер, қолдау бағдарламалары мен салықтық жеңілдіктер бар. Сонымен қатар еуропалық серіктестер де жақын орналасқан. 

ЖОБАДА БАР, ЖОЛДА ЖОҚ

Өткен жылдың ақпан айында өткен Қазақстан-Украина бизнес-форумынан кейін украиналық бизнес өкілдері кәсіпорындарын Қазақстанда локализациялауға мүдделі екендігін жеткізген еді. 

Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Сергей Павленконың айтуынша, қазіргі таңда елімізде украиналық экспортты ілгерілетуге бағытталған бөлшек сауда, фармацевтика, құрылыс саласындағы бірқатар бірлескен жобалар жоспарланған. Бұл туралы Caravan.kz мақаласында айтылған

Екі ел IT-саласындағы ынтымақтастықтың да белгілі бір перспективаларыне қол жеткізген. Десе де, Қазақстанға украин зауыттары мен фабрикаларын көшіру мүмкіндігін әлі  ешкім қарастырмаған. 

Есесіне, Қазақстан қалаларының көшелерінде әртүрлі кеншітер пен басқа ресурстарды Ресей сатып алды, немесе алады деген қайшылықты ақпарат кезіп жүр. Оған қатысты ресми мекемелер мен министрліктер дәлізіндегі шешім, ұсыныстар туралы әлі де анық мәлімет берілмей келеді. Ресми мәлімет болмаған соң, көпшілік әлеуметтік желіде шын-өтірігі анықталмаған мәліметтерді таратып, талқылап отыр.  

УКРАИНАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ӨЗБЕКСТАНҒА ӨТІП КЕТТІ

Еліміз қалыс қалса да, көршілеріміз өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануда. Мәселен, өткен аптада Өзбекстан украин өндірушілеріне соғыстан зардап шеккен кәсіпорындарды өздерінің индустриялық орындарына ауыстыруды ұсынды. Бұл ұсыныстан кейін украиналық кәсіпкерлер өз өндірістерін сол жерге көшіріп те үлгерді.

2021 жылы Global Spirits алкоголь холдингінің иесі Евгений Черняк Самарқандта шарап-коньяк және арақ өндірісінің іске қосылғанын хабарлады. Сол жылы «Лекхим»фармакомпаниясының қожайыны Валерий Печаев Ташкент маңында құны 40 млн доллар тұратын зауыт салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Кәсіпкерлер оларды салықтың аз мөлшері қызықтырғанын атап өтті. 

Одан бөлек,олар өз өнімдерін  өзбек нарығы арқылы көршілес Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерге тауар экспорттауға болатынын жеткізді. 

«Е...» ДЕГІЗГЕН ЕАЭО

Экономист Марат Абдурахманов не себепті Украинаның Қазақстанға қызығушылық танытпағанын түсіндірді.

«Еліміз Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кіреді,  сондықтан украиналық саясаткерлер мен кәсіпкерлер оны өндіріс алаңы ретінде қарастыра алмайды. Ал Өзбекстанның Ресеймен ортақ шекарасы жоқ, ЕАЭО-ға мүше емес. Бұл ел украин бизнесі үшін ыңғайлы. Украиналық зауыттар мен фабрикаларды Өзбекстанға көшіру, әрине, Қазақстанға әсер етеді. Бұл өндірісті дамытуға арналған макроорта. Сонымен бірге, оны экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті реформалар қабылдауда қарастыру қажет», - дейді ол.

Оның айтуынша, бұл өзгерістің еліміз үшін тиімді-тиімсіз тұстары бар. Бір жағынан экспорт көлемі артып, сауда инфрақұрылымы дамиды. Ал екінші жағынан, кадрлар кетіп, шетелдік инвестицияларды тартуда қиындықтар болуы мүмкін. Біздің құзырлы органдар осы жайттарды ескеруі қажет. 

Айта кетейік, 1941-1942 жылдары Қазақстанға жиынтық жабдықтары мен қажетті шикізаты бар 142 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын көшіп келген болатын. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Запорожье ферроқорытпа зауытының жабдығын алса Алматыдағы автожөндеу зауыты Луганск ауыр машина жасау зауытының цехтары үшін базаға айналды. Сондай-ақ Украинаның 14 қант зауытының жабдықтары сол кезде республикаға жеткізілген.  Кейбір өндіріс орындары әлі де жұмыс істеп тұр.

Пікірлер