Шымкентте “Өткенге құрмет - бүгінгі міндет” тазалық акциясы өтті

843
Adyrna.kz Telegram

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің барлық аймағында кең өріс алуда. Бұл игілікті жұмыс Шымкентте де ауқымын кеңейте түсті. Бүгін таңетеңнен бастап қаладағы барлық ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері, тұрғындар мен ерікті жастар, ардагерлер мен оқушылар бұл игілікті шараға белсенділікпен атсалысуда.

Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерде санитарлық тазалық жұмыстары мен көріктендіру, абаттандыру шаралары, шөп ору, ағаштарды әктеу, қоршаулар мен орындықтарды сырлау жұмыстары қызу жүруде. Одан бөлек, 3,3 шақырым ирригациялық арық жүйесі, 9,7 шақырым жол жиектері тазартылса, 130 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Бұл жұмыстарға 9500-ден аса қала тұрғындары мен 112 техника жұмылдырылды.

Акция аясында белсенді тұрғындардың бастамасымен "Өткенге – құрмет, тіріге міндет" атты шарасына қаладағы 92 мешіттің діни қызметкерлері мен ерікті 3574 азамат қатыстып, 37 мұсылман зираттарының аумағын күл-қоқыстан, шөптерден тазартылып, қураған ағаштар кесілді.
Ал, «Жасыл аймақ» апталығы аясында ұйымдастырылған сенбілікке жас экологтардың қосқан үлесі де зор болды. Жасыл желек қатарын көбейтуге атсалысқан жас экологтарға қала тұрғындары да көмектесіп, ағаш көшеттерін отырғызу және ақтау жұмыстарын жүргізді.
Игілікті бұл іс шарадан мектеп оқушылары да қалыс қалған жоқ. Белсенділер мектеп аулаларын абаттандырып, гүлдер отырғызды.

Ал еліміздің көк байрағын әлемде желбіретіп жүрген спортшыларымыз қаладағы Әл-Фараби көшесіне 100 түп көшет егіп, тазалық шараларын жүргізді.

Қаланың көркі оның әрбір тұрғынының салауатты өмірінің кепілі екенін терең түсінетін шымкенттіктер республикалық экологиялық акцияның жоғары деңгейде өтуіне ықыласпен көңіл бөлуде.

Шымкент –шырайлы қала. Ал оның сәулеті мен көркін ажарландыра түсуге экологиялық акцияның тигізіп жатқан әсері тіпті зор. Қаланың әрбір көшесі мен аулалары тазалықтың талабына сай жарқырай түсуде.

Жалпы тазалық акциясының белсенділікпен өтуіне Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар барынша көңіл бөлумен қатар өздері де қызу жұмылуда.
Тазалық—денсаулық кепілі. Ал денсаулық – әр адамның өмірінің байлығы. Осы қағиданы тек науқандық шараға ғана айналдырмай, біздің күнделікті тіршілігіміздің тынысы мен міндеті санай білсек, «Таза Қазақстанның» бейнесі де әрқашан жарық та жарқын болатыны сөзсіз.

Пікірлер