Ержан ӘДІЛ: Әр оқытушыға 5-6 студент әкелмесең, сағат бермейміз деп үркітеді!

369

Жаздың екі айы ұстаздардың заңды еңбек демалысы. Жыл бойы жүйкесі жұқарып, бітпейтін есеп-қисаптан енді құтылдым ба деген оқытушыларды түлектерді оқуға қабылдау үрдісіне тарту қаншалықты заңды. Әр кафедрадан 1-2 оқытушы 4 ай осы жұмысқа жегілсе, қалған оқытушылар 3-4 күннен кезекшілікке шығады. Оқытушылар құжат тапсыруға келген талапкерлерге таласып, асты-үстіне түсіп жүгіріп жүр. Себебі, әр оқытушыға 5-6 студент әкелуді міндеттеп қойған. Әкелмесең сағат берілмейді деп үркітеді. Сол себепті ұстаздар ертеңгі наны үшін демалысты жинап қойып, діңкесі құрып әр баланың артынан салпақтайды. Оларға талапкердің таңдауы, бейімділігі қызық емес, бастысы өз мамандығына түсірсе болды.
Кафедра меңгерушілері жаз бойына күнделікті қорытынды жиналыстарға қатынасып, университеттің айналасында жүреді.
Нарық, бәсеке, сапа жарысы. Бәрін түсінуге болады. Бірақ осының бәрі ұстаздардың ақыл-ойының, жан-қуатының сергектігінен, ұстаздың, ҚР азаматының заңды құқының құрметтелуінен бастау алатыны белгілі.
Жалпы соңғы онжылдықта білім саласындағы қағазбастылық максималды деңгейге жетті. Ең өкініштісі есеп беру тәрізді осындай қосалқы жұмыстар оқытушыларға, көбіне өзін жетілдіруге тиісті жас оқытушылардың мойынына ілінді. Кафедра білім мен ғылымның ордасына емес, есеп беру кеңсесіне айналып барады. Ал оқытушылар еріксіз, жігерсіз жандардың есебін толтырып жатыр.

Шешім: ЖОО-на қосымша көмекші қызметкерлер алып оқытушыларды артық жұмыстан босатып, өзін-өзі жетілдіруге, оқу-әдістемелік кешенді жаңартуға, ғылыммен айналысуға бағыттау керек. Заңды еңбек демалысында әр ұстаз демалу керек.

 

Ержан ӘДІЛ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер