"Махаббат пен қасірет": Жаңа қойылым көрерменге жол тартты

1327
Adyrna.kz Telegram

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Махаббат пен қасірет» қойылымының премьерасы көрерменге жол тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Премьера 2024 жылдың 16, 19 сәуір күндері болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанованың «Қасірет пен тағдыр» романының желісі бойынша жазылған «Махаббат пен қасірет» спектаклі көптің көңілінен шыққандай.

Себебі кейіпкерлер арасындағы махаббат, сыйластық пен нәзік сезім лебі сахнадан сезіліп, көрермен жүрегіне жетті. Бас кейіпкерлер Мэлс пен Аяулым бір-біріне алғаш жолықтырған күннен бастап ғашық болған. Мэлс көкейіндегі күдікті ойын, сымбатты сұңғақ бойын түзей бастайды. Аяулымда дәл сондай тәтті күй кешеді. Кейіпкерлер сүйе білген адам, сүйгенін сүйей де білді. Сол үшін отқа да жанатынын, суға да бататынын дәлелдеді.

Бірақ екі ғашықтың ертеңгі болашағына бұлыңғыр бұғау салынады. Қос ғашықтың бірге болуына қарсылық танытқандар көп болды. Себебі жас жігіт Мэлс, мезі еткен темір арбаның тежеп ұстайтын тұтқыны еді. Ал Аяулым болса әдемі, сұлу өз ортасының үмітті шам шырағы болатын.

Автор Сәуле Досжанованың шығармасын сахнаға лайықтаған нұсқа авторы –  Жақсылық Мұратбек.

"Біріншіден, бұл шығарма қазақ халқының ауыр қасіретті көрсететін роман желісіне айналған туынды болғандықтан дәуірлік шығарма. Біздің басшымыз бедерлеп, шығарманы сахнаға махаббат арқылы әрлеуді айтқан. Себебі қазір адамдар махаббатқа зәру. Алты ай екі пьеса жазылды. Бұл жерде қазақ жастарының Кеңес Одағының кезіндегі іңкәрлігі, сезімі, ұяңдығы, батылдығы, өз сүйген адамына адалдығы керемет берілген. Ал біз мұны сахна төріне көтерген кезде бұл шығарманың ғұмыры баянды болады, оқырман қауымға жетімді, өтімді болады деп қолға алдық. Сәтті туынды болды. Көрерменнің көңілінен шықты", - деді жазушы-драматург Жақсылық Нұрболатұлы.

Премьера Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының кіші залында өтті. Жиналған қауым әртістерге тік тұрып, қол соғып, құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұсынды.

Пікірлер