Мешіт маңындағы кептеліс. Жаяу келуге ешкімді мәжбүрлей алмаймыз - Имам

4020
Adyrna.kz Telegram

Жұма күндері жамағат намазы кезінде мешіттердің, сол күні кешке ойын-сауық орталықтарының маңындағы қозғалыста кедергі туындайды. Ондайда маман жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасы кешігетінін айтса, дінбасы айтылғандар ескерілмейді дейді. Дінтанушы мәселенің заңдық жағын еске салады.

«ӘДЕТТЕГІ УАҚЫТТАН КЕШІГЕМІЗ»

Рамазан айы аяқталды. Тарауық намазы болмаса да, айт намазы кезінде, одан қалды жұма намазы уақытында мешіттердің маңайындағы көлік қозғалысы қиындап кетеді. Намазға келген адамдар көліктерін қос қатарлап, кейде үш қатарлап қойып, көшедегі жүрісті тежейді.

Осы кезде Алматы сияқты мегаполисте онсыз да ұзақ уақыт алатын көлік кептелісі екі еседей артатыны айтылады. Мұның ықтимал зардабы жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктері де тартады. Басқа да төтенше жағдай, апаттық қызмет техникалары туралы осыны айтуға болады.

Бұл туралы Алматы қаласы Медициналық жедел жәрдем қызметінің фельдшері Мерей Егемберді айтып берді.

- Көлік кептелісі бұл уақыттарда 1-2 сағатқа созылып жатады. Бірақ біздің көліктер арнайы дыбыстық және жарықтық белгі беретін құрылғылармен жабдықталған. Соның арқасында жұртшылық барынша жедел жәрдем көлігін өткізіп жіберуге тырысады. Дегенмен, әдеттегі уақыттан кешігеміз. Әр жұма күні мешіттің және демалыс күндері кешке сауда-ойын сауық орталықтарының алдынан өтерде қиын. Мейрам болып жатқан жерлерге жүргізушілер көлігін жолдың бойына ретсіз қойып кетеді. Сол кезде де арнайы техниканың жүрісіне кедергі келтіреді, - дейді Мерей.

Мұндай атаулы кездері мешіттердің жанында жаяулардың да жүрісіне кедергі туындайды. Оның үстіне қазір қаптаған мопед, самокат құралдары да қалаған жолымен, соның ішінде тротуармен жүруге әуес.

Мешіт іші лық толғанда, намаз оқимын дегендер жайнамаздарды жайып, көшенің жаяу жүргіншілерге арналған бөлігіне дейін тұрып алады. Кейде жаяу жүргіншілер жолы толығымен жабылып, балалар мен арба сүйреген әйелдер жолбойымен, қатерлі тұстармен жүруге мәжбүр. Арбаға таңылған мүгедек жандардың да көретіні осы. Ал биік үйдің аулаларына онсыз да тар жерге көліктерін қаңтарындағы күн сайын, сағат сайын көруге болады.

«МЕШІТКЕ ЖАЯУ БАРУ – САУАП»

Айта кетейік, діни ортада мынандай хадис айтылады. «Адамдардың  намаздан ең көп сауапқа ие болатыны – алыстан жаяу келгені». Олай болса, сауапқа кенелгісі келетіндерге не кедергі? Ал елге кедергі жасап оқыған намаздың қай жерінде сауап бар?

Бұл туралы Алматы қаласы Қарасай ауданының бас имамы Ернар Мәжен сұрадық.

- Айт мерекесі жылына екі-ақ рет болады, оның бірі Құрбан айт  - мемлекеттік мейрам. Айт намаз намаздары әдетте ертемен, таңғы сағат алты жарымда болады. Бұл көпшілікке әрқандай бір кедергі келтіреді деп ойламаймын. Ал жұма намазына келетін болсақ, ол да аптасына бір күн, - дейді имам.

Ернар Мәжен жамағат намазы кезіндегіуағыздарда көшедегі қозғалысқа кедергі келтірмеу жайында да айтылады дейді.

- Жалпы мешітке келген жамағатқа бес уақыт намаз болсын, айт немесе жұма намазы болсын,мешітке жаяу келу - сауап” екенін үнемі ескертіп айтамыз. Бірақ ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Әр адамның таңдауы еркі өзінде. Негізі қала ішінде мешіттің саны өте аз. Көбі қаланың шет жағында орналасқан. Сондықтан мұны  дұрыс түсінген жөн болады. Өйткені, базарға барар жол, мереке, футбол кездерінде де кептеліс екі есе артып жатады, - дейді имам.

«ЕШҚАНДАЙ УӘЖБЕН АҚТАУҒА БОЛМАЙДЫ»

Дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлының айтуынша, мұндай әрекеттер  заңнамаға қайшы келген жағдайда жазалануы керек.

- Қазіргі уақытта дін таралуымен бірге діни фанатизм мен қараңғылық бой көрсетіп бара жатыр. Өзге адамдарға кедергі келтірмеуден бұрын, өзін ғана ойлайтындар бар. Әрине, кептеліс пен көліктердің бір жерге тоқтап, шоғырланып тұруы тіпті, адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мұны ешқандай уәжбен ақтауға болмайды, діни уәж болса да, - дейді дінтанушы.

Ол мәселенің заңдық жағына да тоқталған.

- Мұндай әрекеттер Конституция мен қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді. Себебі Ата заңның 1-бабының 1-тармағында мемлекеттің «ең басты қазынасы» ретінде әуелі «адам және адамның өмірі» атап өтіледі. Одан бөлек, 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңынан  3-бабында “Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес діни бірлестіктер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi. Дінді және діни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың қызметіне қасақана іріткі салуға, олардың үздіксіз жұмыс істеуінің бұзылуына, елдегі басқарушылық деңгейін төмендетуге әкеп соғатын шешімдерді қабылдауға және іс-әрекеттер жасауға жол берілмейді» делінген.Демек мешіт болсын, шіркеу болсын, басқа да ғибадатхана болсын, оның қызметі мемлекеттік органдардың жұмысына бөгет келтірмеуі керек және азаматтардың құқығын бұзбау керек, - дейді Әл-Фараби Нұрбекұлы.

Сондай-ақ, дінтанушы әр адам діншілдігіне қарамастан алдымен, қоршаған ортаға зиян тигізбеуді ойлау керегін айтады.

- Айталық, жол қозғалысы ережелерін бұзып, көліктерін тиісті емес жерге қойып кететіндерге қолданылатын «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексінің «Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу» атты 597-бабы бар. Меніңше, мемлекеттік органдардың жұмысына бөгет келтіргендерге заңнама аясында тиісті қатаң шараларды дереу қолдану керек. Сонда тәртіп болады. Айта кететін жайт, құқықбұзушылық үшін жалпы тек жеке тұлға ғана емес, заңды тұлға ретінде діни бірлестік те жазаға тартыла алады – егер оның кінәсі нақты дәлелденсе, - дейді дінтанушы.

- Мұсылман дәстүрінде «нағыз мұсылман өзгеге тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді» деген түсінік бар екенін де қоса кетейін. Сайып келгенде, әркім өз «діншілдігіне» қарамастан айналасына зиянын тигізбеуі тиіс. Жұма, айт намаздарына баратын әр адам көлігін мешіттен бір-екі квартал ары қойып, денсаулығында ақау болмаса,  сәл жаяу жүріп келе алады, - деп қостыдінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – Мүфтияттың мәліметіне қарағанда өткен жылдың есебі бойынша елде 2854 мешіт, 357 намазхана жұмыс істеп тұр. Оның 21-сі орталық, өкілдік мешіттері, 406-сы қалалық мешіт, 165-і аудандық мешіт, 2262-сі ауылдық мешіт. 2023 жылы 88 жаңа мешіт ашылған. Қазір шамамен 294 мешіттің құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер