Батыс өңірлерді судан қорғау үшін 10 мың әскери қызметші жұмылдырылды – Олжас Бектенов

683
Adyrna.kz Telegram
Фото: ulysmedia.kz
Фото: ulysmedia.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Басты мәселе – су тасқынының екінші толқыны қарсаңында батыс өңірлердегі жағдай.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ресей Федерациясынан Жайық өзені арқылы көлемді судың күтіліп отырғаны туралы баяндады. Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауады. Сақмар өзенінің деңгейі көтеріле бастады. Болжам бойынша, Жайық және Сақмар өзендерінің жоғарғы жағынан сәуір айының екінші онкүндігінде Батыс Қазақстан облысының аумағына су келеді.

"Қазіргі уақытта Орал қаласындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі – 728 см, ол 850 см қауіпті межеге жақындайды деп болжанып отыр. Батыс Қазақстан облысынан судың келуіне байланысты Атырау облысында өткен тәулікте Жайық өзеніндегі гидробекеттерде де су деңгейінің шамалы көтерілуі байқалады", - делінген хабарламада.

Сәуірдің үшінші онкүндігінде үлкен судың келуі күтіледі. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша оның Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына жұмыс сапарларының қорытындысына сәйкес әкімдіктердің, ТЖМ, ІІМ және Ұлттық ұланның, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Батыс Қазақстан облысында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін күштік құрылымдар 6 мың адамға, Атырау облысында 4 мың адамға дейін жеткізіледі.

Еліміздің әр өңірінен 4 мыңға жуық техника жіберілді. Премьер-министр қорғаныс және ішкі істер министрлеріне қажет болған жағдайда қосымша жеке құрам мен техника жіберуді тапсырды.

"Орал мен Атырау бойынша күштер мен құралдарды барынша жұмылдыру қажет. Қазір үлкен суды елді мекендерге жеткізбей, бұрып әкету маңызды. Бүгін қосымша әскери қызметшілер мен техника жіберіле бастады. Су ағысының қарқынын ескере отырып, бірінші кезекте Оралды, одан әрі Атырауды күшейтеміз", — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы екі облыс әкімдіктеріне келген әскери қызметшілерді барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ техникаға жанармай құю мәселесін шешу жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі таңда сегіз облыста жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жалғасуда. Су басқан аймақтардан барлығы 97 мың тұрғын эвакуацияланды. 11 сәуірдегі жағдай бойынша Павлодар және Абай облыстарында су тасқыны жағдайының тұрақтануына байланысты ТЖ режимдері алынып тасталды.

Пікірлер