Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы жартылай финалында Грекиядан жеңілді. Осылайша еліміз 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасына ілінбеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
21 наурыз күні Афина қаласында өткен матч 0:5 есебімен аяқталды.
Грекиялық футболшылар ойынды белсенді бастады. 9-минутта Анастасиос Бакасетас пенальтиді мүлтіксіз орындап, өз құрамасын алға шығарды. 15-минутта Димитрис Пелкас, 37-минутта Фотис Иоаннидис, 40-минутта Димитрис Курбелис есепті еселей түсті.
Екінші таймда Қазақстан құрамасының ойыншысы Еркін Тапалов автогол соғып, матч Қазақстан командасының ірі жеңілісімен аяқталды.
Енді Грекия құрамасы Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы финалында 26 наурызда Грузиямен ойнайды. Сол күні Люксембург пен Қазақстан командалары жолдастық кездесу өткізеді.