Құрылтайда айтылған мәселелер Мәжілістегі Парламенттік тыңдауда талқыланады

622
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырыста Ұлттық Құрылтайда айтылған мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өткізілетінін мәлімдеді.

– Мемлекет басшысы еліміздің рухани-идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа Президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырғанын айтты. Жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажеттігіне назар аударды.

– Біздің Герб сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе, – деді Е.Қошанов.

Палата төрағасы Президент депутаттардың бастамасымен әзірленген лудоманияға қарсы күрес жөніндегі заң жобасын осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Есірткіні өндіру мен тарату, вандализм және т.б. проблемалардың шешімі заңнамалық деңгейде реттеуді талап етеді.

Сонымен қатар археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы да жетілдіру қажет.

– Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдау өткізуіміз қажет деп санаймын. Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсат-міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек, – деп қорытындылады сөзін Е.Қошанов.

Пікірлер