"Кеудесі қазына, ойы терең, ісі өнеге". Министр жазушының қазасына көңіл айтты

766
Adyrna.kz Telegram
Фото: Аида Балаеваның парақшасынан
Фото: Аида Балаеваның парақшасынан

 Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жазушы Жұмабай Шаштайұлының қазасына көңіл айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Министр жазушыны еске алып, Facebook желісінде жазба жариялады.

Қазақтың қарымды қаламгері, абзал азамат Жұмабай Шаштайұлының өмірден өтуіне орай артынан қалған үлкен әулеттегі барлық бауырларына, жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын.

Жұмабай аға мен үшін кеудесі қазына, ойы терең, ісі өнеге тұлға еді. Жұмағаң әдайым кісілігі мен кішілігінен танбай, адами биік қасиеттерімен, ақжарқын қалпында жадырап жүретін. Қаламы жүйрік қаламгер ретінде қоғам жүгін, ел мұңын көтерген мазмұны терең өткір мақалалар, шоқтығы биік шығармалар жазып, ұлт руханиятына сүбелі үлесін қосты. Соңынан еріп, қолына қалам ұстаған жастарға рухани әке болып, шәкірттерінің шырағын жақты, талантын ұштады. Олар барда ағамыздың мол мұрасы, өшпес туындылары ешқашан ұмытылмақ емес.

Ағамыздың ғибратты ғұмыры, жарқын бейнесі жұртшылық жадында мәңгі сақталады деп сенемін. Қасиетті Рамазан айындағы дұға-тілектеріміз қабыл болсын. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын", - деп жазды министр.

Пікірлер