Әскерден қашпа – сарбаз!

2050
Adyrna.kz Telegram

Наурыздың бірінен бастап әскерге шақыру пункттерінде  қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысын бастады. Көктемгі шақырылымда Қазақстан қарулы күштері қатарын 1 наурыздан 30 маусымға дейін батыс өңірінен 18 бен 27 жас аралығындағы   600-ден аса азаматпен толықтыру жоспарланған. Өткен жылдың күз айында шекара қызметіне әскери қызметін өтеуге аттанған 115 сарбаздың 35-і келісімшарт негізінде әскери қызметке қалуға өтініш білдіріпті. Жасөспірімдер шақырту қағазы және sms-хабарламалар барған жағдайда медициналық комиссиядан өтуге келуі қажет. Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады. Осы орайда  БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұхановпен тілдескен едік.

Альберт Маркистұлының айтуынша, қалта телефонына шақырту хабарлама жіберілсе де шақыру пунктіне келмейтін жастар бар көрінеді.  Яғни, бозбалалар әскерден әлі де жалтарады. Азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы қызмет көрсетіледі. Аталған қызметтерді көрсетуге  жергілікті атқарушы органдар жауапты. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте «Қарулы Күштер – Адалдық Алаңы» атты жобалық кеңсе  жұмыс істейді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген жастардың әскери борышын өтеуден қашуы маңызды мәселе екенін атап өтті. Біздің маңызды міндетіміз – жастарды әскери қызмет өткеруге,  ерекше миссия болып табылатын әскери борышын орындауға ынталандыру. Қорғаныс министрлігі осы бағытта ұсыныстар әзірлеп, жүзеге асыруда. Мәселен,  әскери қызмет өткеру кезеңінде кредиттік каникул беру, жоғарғы оқу орындарына ұлттық біріңғай тестісіз түсу сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Шекара қызметін жасақтау үшін әскерге шақырушыларды іріктеу білім деңгейі, денсаулығы мен дене шынықтыру дайындығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі. Оларды шекара қызметінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлері арнайы тексерістен өткізеді. Бұдан бөлек, ата-анасы, отбасылық жағдайы жөніндегі мәлімет те нақтыланады. Ал, шекара қызметіне борышын өтеуге баратын жастардың басқа сарбаздардан ерекшелігі – психологтың полиграфологиялық сынынан өтеді. Болашақ сарбаздарға екінші дәрежелі құпия құжаттармен жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Сол себепті Ұлттық қауіпсіздік қызметінің де тексерулерінен сүрінбей өтулері қажет болады, – дейді сала маманы.

Сарбаздың бойы 185 см-ден кем болмауы керек. Әскери комиссариатта бірден бәрін таңдап алмайды. Дені сау, психикалық тұрғыда орнықты, орта білім алған жігіттер ірік­те­леді. Жалпы, болашақ сарбаздар дәрігерлік тексерістен бөлек, психологиялық тесттен де өтеді. Әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырады. Олардың отбасы жағдайы сарапталып, денсаулығының жарамдылығы басты назарға алынады. Сыннан сүрінбеген жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, тепсе темір үзетін жігіттер әскер қатарын толықтырады.

Медициналық комиссияның нәтижелері бойынша шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге жарамдылық дәрежесі айқындалады. Егер жас жігіт жарамсыз деп танылса, онда сол күні үйіне қайтарылады. Егер қосымша тексеруді қажет етсе, медициналық мекемелерге жіберіледі. Медициналық комиссия тексеруінен сәтті өткен және қызметке жарамды деп танылған бозбаланың әрбірін әкімнің орынбасары төрағалық ететін шақыру комиссиясы дербес қарайды. Осылайша, әскерге шақыру туралы шешім қабылданады. Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары шақыру бойынша медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралатынын еске салды. Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару 1 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға әкеп соғады.

– Отанды қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы және парызы екендігін мүлдем ұмытпауымыз қажет. Денсаулық жағдайымыз жарамды болса бар болғаны бір жылға яғни, 12 айға созылған әскери борышымызды өтеуден бас тартпайық және жалтармайық. Сіздер қасиетті жерде туып, өстіңіздер, сонымен қатар Отаным деп ат үстінде жерімізді қорғаған батырлардың ұрпағысыздар. Материалдық құндылықтардың артынан қумай, рухани байлықтың тізгінін ұстаңыздар. Отанымызға ерен еңбектеріңізді төгуге ат салысайық азаматтар! –  дейді жас ұрпаққа Альберт  Бекмұханов.

«Әскер» сөзі құлағымызға естілсе, көз алдымызға бірден таяқ жеп, қорлық көріп жатқан ер жігіттер елестейтіні жасырын емес. Өйткені, соңғы жылдары құлаққа түрпідей естілетін жағымсыз жаңалықтар қаптап кетті. «Жігіттер емес, олардың ата-аналары әскерге балаларын жіберуге қарсылық танытатын көрінеді.  Қорқады. Әсіресе аналар ұлын әскерге жібергісі келмейді» дейді бұл орайда мамандар.

Сөздеріне сүйенсек, Отан алдындағы борышын өтеуге баратын сарбаздарға қазір жақсы жағдай жасалған. Бұрынғыдай әлімжеттік жоқ, тамақ, киім түгел. Ал, әскерге жарамды жігіттердің көбісінің басында несие бар. Несиелеріне пайыздық үстеме көп қосылып кете ме деп алаңдайды. Мұндай жағдайда банкке хат жазып, үзіліс беру сұралады. Ал, отбасындағы жағдайы нашар, түрлі әлеуметтік топқа жататын, баласы үйдің асыраушысы болса, жағдайы ескеріледі.

Иә, әскер – әр сарбазды шыңдайтын, шынықтыратын нағыз өмір мектебі. Сондықтан сайдың тасындай жігіттердің Отанын қорғаудан жалтармағаны дұрыс!

 

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Пікірлер