Он екі мүшесі сау, ой-өрісі толықтай жетілген ұрпақ - болашаққа бастайтын басты жол. “Қаны таза, текті, ерекше қасиеттерге ие” деп мақтанатын ұлттың ұл-қыздары да арлы, ұятты, жаман әдеттерден аулақ, жақсыға бейім болғаны дұрыс. Бірақ заман ба, әлде адам өзгерді ме, қайдам, соңғы уақытта көшеде көк түтіндетіп жүретіндердің көбейіп кеткені қынжылтады. Неге сондай күйдеміз? Мемлекет бұл мәселеден арылу үшін қандай қадамдар жасап жатыр?
Қазақстан Республикасы мемлекет ретінде, халқының денсаулығына алаңдайтын ел ретінде алкогольді тұтынуға және темекі шегуге қарсы күрес бойынша бірқатар шаралардың түр-түрін қабылдады. Мәселен,
- Алкоголь мен темекі өнімдеріне акциздерді көбейту, алкоголь мен темекіні сату және тарату туралы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұлдарды қатаңдату сияқты шаралар;
- Нашақорлықтың алдын алуға және емдеуге, алкоголь мен темекіні тұтынудың зияны туралы ақпараттық кампаниялар жүргізуге бағытталған алкоголизмге қарсы күрес бағдарламаларын қабылдау;
- Алкоголь мен темекіні жарнамалауға шектеулер енгізу, кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сатуға тыйым салу, темекі шегуге арналған арнайы аймақтарды белгілеу;
- Салауатты өмір салты дағдыларын, оның ішінде жастар мен оқушылар арасында оқыту және дамыту бойынша іс-шаралар өткізу;
- Алкоголь мен темекіге тәуелділіктен арылғысы келетін адамдарды қолдау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және енгізу, медициналық көмекке және мамандардың консультацияларына қол жеткізуді қамтамасыз ету.
“Заңда вейптерды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салуды белгілеу жөніндегі нормалар көзделген. Олардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі: сатқаны – 50 тәулікке дейін қамауға алынады, әкелгені және таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан, қылмыстық топ немесе аса ірі мөлшерде жасаған сол әрекеттері үшін немесе бірнеше рет – 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады", - делінген заңға қол қойған қорытындыда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.Шара көп, бірақ мемлекет жасайды екен деп қол қусырып қарап отқан жарамайды. Кейбір дүниелер бірлесіп қана шешіледі. Мәселен, осы қоғамды улаған шылым, алкоголь, вейптер. Арыламыз десек ардан аттамай, бүгіннен бастайық. Өмір бізбен тоқтап қалмасы анық. Бізден кейін де өмір сүретіндер бар. Соларды ұмытпаған абзал. Фото: Shutterstock