Алматыда "қара майордың" құрметіне әмбебап жекпе-жектен турнир өтуде

1575
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Алматыда ел арасында "қара майор" атанған Борис Керімбаевты еске алу турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Әмбебап жекпе-жектен ұйымдастырылған турнир - Ауған соғысы ардагерінің құрметіне өткізіліп отырған алғашқы жарыс.

Ауған соғысының ардагері, ел "қара майор" атап кеткен отставкадағы әйгілі полковник Борис Төкенұлы Керімбаевты еске алу турнирі Алматыдағы № 4 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті.

Жас спортшыларды қолдау мақсатында іс-шараға ауған соғысының ардагерлері, "Қара майордың" әріптестері, қоғам қайраткерлері және әлемдік ареналарда көк туды желбіретіп жүрген белгілі спортшылар қатысты.

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл және қазақтың "қара майорын" еске алу үшін өтіп жатқан сайыстың ашылу салтанатында ҚР әмбебап жекпе-жек федерациясының президенті, Қазақстан ардагерлер қауымдастығының төрағасы, ақын Бақытбек Смағұлов құттықтау сөз сөйлеп, батырларға арнап шығарған өлеңін оқып, жас спортшыларға рух берді.

Ресми салтанатқа қатысқан бірқатар спорт шеберлері мен ардагерлер Борис Керімбаев атындағы "Ар-намыс" төсбелгісімен марапатталды.

№ 4 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Айталап Қалабайұлы үздік өнер көрсеткен спортшылардың Ұлттық құрама сапына алынатынын атап өтті.

- Бүгін Кеңес одағы әскерінің Ауғанстаннан шығарылған мерзіміне 35 жыл толуына байланысты әмбебап спорт түрінен республикалық жарыс өтіп жатыр. Осы жарыстың негізгі мақсаты - жас жеткіншектерді, спортшыларды салауатты өмір салтына баулу, жақсы ойын көрсеткен спортшыларды Ұлттық құрама сапына іріктеу. Унифайт - жекпе-жек сайысынан басқа бірнеше кезеңдерден өтеді. Балаларға бұл сайыс өте қызықты деп ойлаймын, - деді Айталап Қорғамбаев.

Жасөспірімдер арасындағы бәсекеге 7 өңірден 270-тен аса спортшы қатысып жатыр. 10-18 жас аралығындағы өрендер бірнеше кедергілерден өтіп, боз кілемде мықтыны анықтайды. Жарыс 2 күнге жоспарланған.

Ал қатарластарынан озып шыққан балуандарға ақшалай, арнайы сыйлықтар табысталып, мадақтамалар беріледі.

Пікірлер