Тәуелсіздіктен 30 жылдан асса да. Қостанайда мемлекеттік тілде оқитындар 30 пайызға жетпейді

3556
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қостанай облысында оқушылардың 27,3 пайызы мемлекеттік тілде білім алады. Бұл туралы  облыс әкімі Құмар Ақсақалов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Өңірде жалпы контингенті 111 818 оқушысы бар 445 мемлекеттік мектеп жұмыс істеп жатыр, оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарда оқушылардың 27,3% білім алып отыр.

Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен балалар контингентін ұлғайту мәселесі облыс әкімдігінің күн тәртібінен түскен емес. Мемлекеттік тілде білім алушылар контингентін ұлғайту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілде білім беру ұйымдарының желісін және білім алушылар контингентін ұлғайту жөніндегі жол картасы үшінші жыл іске асырылып жатыр»,—деді ол.

Айтуынша, үш жыл ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілде оқытатын 61 топ ашылған. Бұдан бөлек, орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу мәселесі де қолға алынған.

«2022-2023 оқу жылында орыс тілінде оқытатын Қостанай қаласының физика-математика лицейі, Қостанай ауданының Майкөл ЖББМ, Жуков НОМ және Рудный қаласының № 12 ЖББМ және № 4 мектеп-лицейі іспетті 5 мектепте қазақ сыныптары ашылды. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы №115 аралас тілде білім беретін мектебі толықтай мемлекеттік тілге көшірілді.

Қазіргі кезде, ата-аналар арасында мемлекеттік тілдің маңыздылығына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселені, баршамыз – қоғам, жергілікті атқарушы органдар мен ата-аналармен бірлесе отырып шешеміз деген үміттеміз»,—деп сөзін толықтырды әкім.

Пікірлер