Сыналған Смайылов. Мақталған Бектенов. Депутаттардың жаңа мәнері

1639
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: Adyrna
Коллаж: Adyrna

Жаңа премьердің кандидатурасына Мәжіліс бір ауыздан дауыс бермеді. Қарсы болмаса да қалыс қалғандар бар. Депутаттар он үшінші үкіметті басқаруға келген жаңа премьерге не үшін дауыс бергенін түсіндірді.  

Бүгін Amanat партиясы Президентке ұсынып, Мәжіліс депутаттарының мақұлдауымен 44 жастағы Олжас Бектенов Үкімет басшысы болып тағайындалды. Бірақ Парламентті Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы оған дауыс бермей қалыс қалатынын мәлімдеді. 69 депутат Бектеновтың кандидатурасын қолдап, 7 депутат қалыс қалды.

Жиын соңынан депутаттардың пікірін білдік.

БЕКТЕНОВТІҢ МІНЕЗІН ҰНАТҚАН ДЕПУТАТ

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Олжас Бектеновтың кандидатурасын 5 түрлі себепке байланысты қолғанын мәлімдеді.  

Біздің бұл шешімді қолдағанымыздың бес нақты себебі болды. Біріншіден, бұл шешім Парламенттің дәстүріне сай келетін ұсыныс. Яғни, Парламент көпшілік дауыспен премьер-министрді тағайындауға шешім қабылдауы мүмкін. Екіншіден, Бектенов мырза көп жылдар бойы экономика саласында қызмет еткен. Жемқорлықтан зардап шегетін ең алдымен кімдер? Ол әрине кәсіпкерлер, өндірісшілер. Президент әкімшілігіне басшылыққа келмей тұрғанда яғни, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған кезде бірнеше рет депутаттық сауал жолдадық. Өзі хабарласып, шақырып мәселені талқылап, сол арқылы нақты шешімге келген болатынбыз. Тіпті кейбір кездері тиісті қызметкерлері жауапкершілікке тартқан болатынбыз. Үшіншіден, Бектеновтың ерекшелігі мінезінде деп айтар едім. Ол көп сөйлемейді, сабырлы, бірақ мінезі қатаң және өз сөзінен таймайды. Яғни, айтқан шешімді аяғына дейін жеткізе алады, - деді ол.

СОЛ ДЕПУТАТ. СМАЙЫЛОВ ТУРАЛЫ

Олжас Бектеновты жер көкке сыйдырмай мақтаған Азат Перуашев бұрынғы премьер Әлихан Смайловтың жұмысын іске алғысыз етіп тастады.

Біріншіден, Смайылов Президенттің қыркүйек айында жолдаған экономикалық өзгерістеріне қатысты тапсырмаларын іске асырған жоқ. Екіншіден, Смайыловтың үкіметінде әп-әдемі жобалардың тұсаукесерін өткізіп, жақсы баяндама жасауды үйреніп алды. Бірақ сайлаушылармен кездесуге аймаққа барғанда сол сөздер сөз күйінде қалғанын көрдік. Қазіргі мақсатымыз мемлекеттік деңгейде қабылдаған шешімдерді іске асыру болып отыр, – деді ол.

«ЕСЕП БЕРЕТІН ҮКІМЕТТІ КҮТЕМІН»

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың пікірі де Азат Тұрлыбекұлының сөзіне ұқсас. Яғни, ол ескі үкіметке өкпесі бар екенін жасырмады. Сондай-ақ депутат «Премьер-министр гуманитар емес, неге өндіріс саласының өкілі болмады?» деп сұрақ қойды.

Негізі халықтың арасында осындай пікір болғаны рас. Бірақ дегенмен менің ойымша, дәл қазіргі таңда заңның үстемдігі, тәртіп қағидатын орнықтыру үшін және әлеуметтік бағдарламаларға кетіп жатқан қаражатты дер кезінде аяғына дейін жеткізу үшін жемқорлықтан таза адамның келгені қажет. Екіншіден, жаңа Үкіметтен есеп беретін үкімет формуласының орындалғанын күтемін. Өйткені өздеріңіз білесіздер, бұған дейін ақпаратқа қолжетімділік туралы заңның аясында ескі Үкімет бірқатар түзетулер енгізген. Нақтырақ айтсам, ескі үкімет депутаттық қызмет пен Парламентке байланысты шектеу нормаларын енгізген болатын. Сондықтан біз «Күшті президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет»формуласының орындалғанын күтеміз, – деді ол.

Бұдан алдын Президент Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында «Нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе»,-деген болатын. Сонда ел басшысы «экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап бермек» дегенді қадай айтқан. Президенттің айтуынша, Үкімет «бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс».

Қаңтар оқиғасынынан кейін Үкіметтегі кезекшілік кезеңде Премьер болып тағайындалған Әлихан Смайыловтың кабинеті доғарысқа жіберілген болатын. Бүгін Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президентпен ақылдасқан түрде Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған.

Он үшінші үкіметті басқаруға келген жаңа премьер Әділет министрлігінің тіркеу және құқықтық алғашқы көмек көрсету қызметі комитеті төрағасының орынбасары, Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлық қарсы күрес агенттігі орталық аппаратында департамент басшысы, Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президент әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі, Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы қызметтерін атқарған.

Олжас Бектенов бүгін бас министр болып тағайындалғанға дейін Президент әкімшілігінің басшысы қызметінде болды.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер