Шығыс Қазақстанда жағажай маусымы ашылды

3973
Adyrna.kz Telegram

Маусымның ашылуы Ұлан ауданы Сібе көлінде өтті.
Сібе көлдері – тау қатпарларында бес көлдің тоғысқан жері, Шығыс өңіріндегі тұмса табиғаттың әсем көрінісі. Аудандағы туризмнің дамуы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жүзеге асырылып келеді. Екі жыл бұрын Шалқар көлінде (Сібе көлдерінің тобына енген үшінші көл) облыс тұрғындары мен туристерінің сүйікті демалыс орнына айналған ««Sibiny» family resort» муниципалды жағажайы ашылған болатын.


Шығыс Қазақстан облысы басшылығының қолдауымен туризмді дамыту мақсатында Өскемен-Самар және Сібе көлдері жағалауына дейінгі 125 шақырым жол жөндеуден өтті. Ал аудан әкімшілігі тарапынан демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында муниципалды жағажай кеңейтіліп, туристер санының артуына септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары да қолға алынып, биылғы жылдан бастап полиция пункті орнатылады. Бұл ең бастысы, балалар қауіпсізідігіне өте қажет.


- Демалушылардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, оларға оңтайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады,- деді Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

 


Сонымен қатар суда жүзу қауіпсізідігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бақылау құралдары, қоршаулар орнатылған. Жағалауда спорт ойындарына арналған құрылғылар, волейбол мен дайвинг алаңы орнатылған.


Жағажайдың ашылу салтанатына қазақстандық әнші Дастан Оразбеков арнайы концертімен келіп, қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлады. - Сібе көлі өте көркем әрі тұңғиық екен. Шетелге бармай, еліміздің осындай керемет жерлерінде демалу керек екен, - деді әнші.

 

Пікірлер