Home » Жаңалықтар » Таразда сегіз елдің кардиохирургтары бас қосты

Таразда сегіз елдің кардиохирургтары бас қосты

Конференцияның салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Асқар Хорошаш және өзге де құрметті қонақтар қатысты. Үш күнге созылған шарада шетелдік мамандар күрделі операциялар арқылы өздерінің тәжірибелік істерімен бөлісті. Айталық, бірінші күн кішкентай тілік жасау арқылы тамырлардың зақымдануы кезінде миокардты реваскуляризациялау отасы сәтті өтті. Бұл шеберлік сағатын Украинаның Киев қаласындағы Добробут клиникасының профессоры Александр Бабляк бастаған кардиохирургтер бригадасы өткізді. Ал келесі күні «Жүрекше аралық қалқаның ақауын торакоскопиялық жабу» операциясын Тараздық Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының кардиохирургы Икромжон Мухамедов бастаған бір топ дәрігер жасап шықты. Сондай-ақ, үшінші күні 3D форматындағы митральді ақауларды торакоскопиялық түзету операциясын профессор Людвиг Мюллер (Инсбурк қ., Австрия) жүргізді. «Конференция тақырыбы – «Fast Track – Cardiosurgery» кездейсоқ таңдалмаған. Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, ота жасалған науқастың ағзасы стрестік реакцияларға ұшырайды. Сондықтан анестезиядан кейінгі ояну, қайта қалыпқа келу өте көп уақытты алады. Fast Track тұжырымдамасы хирургиялық араласудан кейін ағзаны тезірек қалпына келтіруге бағытталған.  Fast Track – Cardiosurgery жаңа бағыты бүгінде уақыт талабы болып табылады»,- деді Асқар Хорошаш. Сондай-ақ, өз сөзінде Еркебұлан Дауылбаев өңірлік медицинаның, соның ішінде кардиологиялық қызметтің жетістіктерін атап өтті. Олар облыс тұрғындарына жоғары мамандандырылған кардиология, кардиохирургия және интервенциялық кардиология аясында дерті асқынған науқастарға хирургиялық араласулар жасап, мүмкіндігінше тұрғындардың өмір жасын ұзартуға, өлім, мүгедектік көрсеткіштеріне жол бермеу жолында тер төгіп келе жатқан «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» бұл бағытта атқарып отырған қызметіне айрықша құрмет көрсетті.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/tarazda-segiz-eldin-kardiohirurgtary-bas-kosty_a3535470

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

“Басқа әлемде жүргендей еді”: боксшының анасы ұлының ауыр қылмысқа қалай барғанын айтты

Аслан Мұқановтың отбасы боксшы теріс діни ағымның ықпалына түсті деп санайды  Қазақстанның былғары қолғап шебері, ...