Мешіттерде тарихи тұлғаларымыз неге дұрыс насихатталмайды?

4461
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің елде заңдық тұрғыда мемлекеттік биліктің дінмен, діннің мемлекеттің саясатымен араласуына қатаң тиым салынған. Десе де, қанша зайырлы ел болғанымызбен, елдегі барлық сала жіті бақылауда болуы қажет. Оның ішінде діни ахуалды назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл орайда мәселен «Имамдардың уағыздары сүзгіден қалай өткізіледі?», «Мешіттерде неге өз тарихи тұлғаларымыз дұрыс насихатталмайды?», деген сұрақтар өздігінен бой көрсетеді. Бүгін осы мәселені жан-жақты қаузап көрсек дейміз...

Араб тарихын дін тарихы етіп алған жоқпыз ба?

Мешіт – ислам дінінің арқа сүйер алтын ұясы. Әр мұсылман баласы жұма сайын мешітке барып, Құдайға құлшылық етеді. Сол жұма күнгі ғибадат алдында имам уағыз айтады. Әрине, ол уағыздардың мағынасы Қазақстан халқы ұстанатын Әбу-Ханифа мазхабының ұстанымдарына қайшы келмейді. Десе де, имамдардың арабтан басқа өзіміздің қандай тұлғалардың өмірін-шығармашылығын үлгі етіп, қандай тәлім аларлық хикаяларды сөз ететіні барша жұртқа белгілі. Бұл жайт Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуақас Ғылманилардан басқа қазақта дінге мысал боларлық тұлға жоқтай көрінеді. Есесіне имамдардың уағызы барша мұсылманның санасына төрт халифадан бастап, бүкіл сахаббалардың, арабтың атқа қонған бар батырының есімін сіңіріп тастаған.

Имамдар Керей мен Жәнібек, Есім мен Қасым, Хақназар мен Тәуке хандардың ерлік істерін, ұлтты, ұлттың сенімін қорғау жолындағы шайқастарынан гөрі Әзірет Әлидің әр күнін сарнап беруге бейіл. Халифа
Әбу Бәкірдің жомарттығын сөз еткендей өз атымтайларымызды айта алмайды, Халифа Омардың мемлекет басқару ісіндегі әділдігін тілге тиек етер, бірақ Ертөстіктен басталып, Алтын сақадан аяқталатын қазақтың әділдікке үндейтін ертегілерін мысал етіп, уағыз жүргізе алмайды. Ақтамберді, Шалкиіз, Доспанбет, Бұқарлардан басталатын жыраулар поэзиясындағы ұлттың діни сенім құндылығын қайта тірілтуге ешкім пейілді емес.

Имамдар кәпір атаулыға ғазауат ұранын көтерген Саржан төре, Кенесары хан, Сыздық төрелердің өмірін білмеген соң, жамағат
Халид ибн Уәлидтің көзсіз ерлігіне тамсанғаннан басқа білері жоқ. Қараханиттер дәуірінен бастап мұсылман болғанымыз, содан бері ұлтымыз адамгершілікке үндейтін сан қилы тағдырдың бастан кешкені, халқымыздың түрлі аңыз-ертегі, ән-жыр, тарихи хикая, түрлі оқиғалар туғызғаны есепке алынбай келеді. Бұл ненің белгісі? Бұл біздің арабтың тарихын дін тарихы етіп алғанызды көрсетеді. Ал, сол діннің тарихын қазақтың тарихы деп тану қаншалықты орынды?

Діни кадрларды шет елде дайындауға тиым салынса...

Рас, ұлттық тұлғаларымызды мысал ете отырып, уағыз жүргізетін имамдар мүлдем жоқ деуден аулақпыз. Бірақ, олардың аз екені анық. Ол аз имам тұтастай мемлекеттің дін саласындағы идеологиясын оңды жүргізуге қызмет ете алмайды. Сондықтан да, заман талабына сай қазақтың тарихы мен әдебиетін, дәстүрі мен этнографиясын шемішкеше шашатын имамдарды тәрбилеу күн тәртібінде тұруы керек. Әйтпесе, мешіттеріміз ешқашан да уаххабилік-салафилік бағыттағы уағыздарға қарсы жұмыс жасай алмақ емес. Қазақстанның барлық мешіттеріндегі имамдардың қазақ халқының дәстүрлі діні мен ұлттың діни ұстанымдары туралы түсінік қалыптаспай мемлекетті қауіпсіз ете алмаймыз. Бұл үшін діни кадрларды шет елдерде оқытып, дайындауды біржола тоқтату керек. Біріншіден, дін деген шет елден үйреніп келетін технологиялық ілім саналмайтынын түсінетін кез келді. Екіншіден, шет елде оқып келген мамандардың жат идеологиямен уланып келетінін уақыттың өзі дәлелдеді. Сондықтан да, ол діни кадрларды ұлттық құндылықтармен сусындатып, Қазақстанның өзінде оқыту керек.

Діни оқу орындарында қазақ әдебиеті мен қазақ тарихы оқытылуы қажет

Қазір әлеуметтік желілерде қазақтың салт-дәстүрі мен діни жоралғылардың басы бір қазанға сыймай, түрлі пікірталастар туып жатады. Ондай пікірталастардың нүктесін қояр ұлттық танымның да, діннің де білгірін табу қиын. Бұл жайт ұлт пен діннің арасын алшақтатып, екі жақты құндылықтарды күйретуге жол салуда. Мұның соңы бір-біріне қарсы ұлтшылдар мен діндарлар деген екі әлеуметтік топты пайда етері көзге көрініп тұр. Түбінде ол әлеуметтік топтардың ымырасыз күресіне дін саласын басқаратын мемлекеттік органдар да, қоғамдық ұйым саналатын «Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының» шамасы жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан да, еліміздегі имамдарды даярлайтын жалғыз оқу орны «Нұр-Мүбәрәк» университетінің оқу бағдарламасы толығымен қайта қаралып, Қазақстандағы барлық мешіт-медресселерінің жұмысын қазақ халқының рухани болмысына бет бұрғызатындай реформа жасалуы тиіс.

Ол үшін біріншіден, діни оқу орындарында «қазақ әдебиеті» пәні оқытылуы қажет. Имамдар ұлтымыздың ауыз әдебиетінен бастап, аңыз-ертегілер, ұлттық әфсаналармен сусындап, жыраулардың жырларын жаттап, ақын-жазушылардың шығармаларын бойына сіңіруі керек. Әдебиет – сөз өнері. Бұл діни кадрлардың шешендігін артырып, олардың уағыздары қазақ халқының рухани қажетін қамтамасыз етуіне жол ашады.

Екіншіден, «қазақ тарихы» пәні діни оқу орындарында оқытуды міндеттеген жөн. Еліміздегі діни мамандар, имамдар негізінен ұлтымыздың мұсылмандықты қабылдағаннан кейінгі тарихын аздап қана біледі. Елдің, жердің, хан-сұлтандардың, батыр-бағландардың тарихы уағызға өзек болмай, тарихымызды діни кадрлардың өзі шынайы үлгі тұтпай, бүгінгі қайшылықты пікірталастарға тоқтам жоқ.

Үшіншіден, діни оқу орындарында «Қазақ этнографиясы» деген пән енгізілгені дұрыс. Діни кадрлар қазақтың салт-дәстүірін, ұлттық танымын, этнографиясын білмегендіктен, кейбір діни топтарда ұлттық құндылықтарға «шірік» деп қарайтын түсінік орнығып қалған. Дін – салт-дәстүрге шектеу қоймайды. Сондықтан да, имамдар дін ілімін білгендей салт-санамызды да білуге міндетті.

Түйін

Сырт көзбен қарағанда қазіргі имамдар ислам дінін уағыздап жүрмегендей, керісінше  араб дәстүршілдігін ұлттың бойына сіңіруге талпынып жатқандай көрінеді. Бұл отаршылдықтың зардабын терең түсінетін кез-келген ұлтын сүйер  азаматтың кеудесінен кері итеріп тұрғандай әсер береді. Ол әсердің соңғы зардабын тартпай тұрып, тәуекел етер күн туғанын мойындасақ етті...

Қанат Бірлікұлы

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер