Берлинде Мұстафа Шоқай кітабының тұсаукесері өтті

1042
Adyrna.kz Telegram

1 желтоқсанда Берлин қаласында Қазақстанның Германиядағы елшілігі мен Неміс-Қазақ қоғамының ұйымдастыруымен «Wostok» баспасы шығарған «Мұстафа Шоқай: "Ұлт бостандығы - ұлттық рухтың нәтижесі" атты неміс тіліндегі кітаптың тұсау кесері өтті. Бұл туралы «Шоқайтану» ғылыми орталығының жетекшісі Сағат Тайман Facebook парақшасындп жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Кітапта  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті "Мұстафа Шоқай" ғылыми орталығынан алынған материалдар негізінде Түркістанның азаттығы үшін күрескен қайраткер туралы мол мағлұматтар қамтылған. Сондай-ақ жинаққа Бақыт Садықованың «Мұстафа Шоқай» және Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты еңбектері енген.

Тұсаукесерді Неміс-қазақ қоғамының төрағасы Томас Хельм ашты. Бұдан кейін осы іс-шарада арнайы шақырылған "Мұстафа Шоқай" ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қ.Бәкір дәріс оқыды.

Жиында сонымен бірге доктор Биргит Брауэр және аудармашы, «Wostok» баспасының қызметкері Бритта Волленвебер сөйледі.

Тұсаукесерден соң жиналғандар Мұстафа Шоқай жерленген мұсылмандар бейітіне соғып, гүл шоқтарын қойды. Қайраткер рухына бағышталып құран оқылды.

Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігі Мұстафа атамыздың бейітін жөндеуден өткізіпті. Кезінде Мария Шоқай орнатқан ескерткішті тұтас гранит плитамен жауып, оқылуы қиындап кеткен жазулар алтын түстес бояумен жаңартылыпты.

Пікірлер