Османованың үстінен құс ұшырмай жүрген кім, Бақауов па, әлде басқалар ма?

2245
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысында тіл мәселесі күйіп тұр! Ономастика саласында да шешілмеген проблемалар аз емес. Осы орайда республикалық БАҚ-та облыс әкімі Болат Бақауов бірнеше мәрте өткір сынның нысанасына айналды. Сондай шақтарда осы жолдардың авторы және өзге тіл жанашырлары Ертістің Кереку өңірі жұртшылығының абыройын, әкімнің ар-намысын мүмкіндігінше қорғап бақты! Ал облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османова болса, тіл мәселесіне қатысы жоқ шенеуніктердің бірі секілді жағдайды сырттан бақылап үнсіз отырды.
2018 жылдың 19 наурызында «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының басқармасы мүшелері Болат Бақауовтың атына хат жазып, Сәуле Османованың кәсіби біліктілігі тиісті деңгейде емес екендігі, соның салдарынан тіл саласында олқылықтар орын алып облыстың беделіне нұсқан келтіретін сыни материалдардың үсті-үстіне жарияланғаны және басқарма басшысының тіл жанашырларымен ынтымақтаса жұмыс істей алмайтындығы жайында айтқан болатын. Қоғамдық ұйымның мөрі басылып, белсенділерінің қолы қойылған хатқа облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев «шығарып салма» жауап қайтарды (2018 18 04).
Аймақ басшысы мен зиялы қауым өкілдерінің кездесуінде тіл жанашырлары атынан сөйлеген осы жолдардың авторы әлгі жауаппен келіспейтіндігін айтып, хат пен құжаттың көшірмелерін Болат Бақауовтың қолына ұстатқан еді. Сондай-ақ Сәуле Османованың қоғам белсенділеріне, тіл жанашырларына жалған сөйлеуге бейім екендігі, тіпті олардың кеңестік кезеңнен бері тіл майданының күрескерлері атанған, жасы үлкен, беделді адамдар екендігіне қарамай ұрыса кететіндігі жөнінде оның өзі мен өзге басқармалар басшыларының көзінше айтып салған-ды. «Сәуле Ғабдылжапарқызын облыс прокуратурасында жауапты қызметте істейтін бауыры мен ұлы қолдап жүрген жоқ па?» деген күманды ойын да зиялы қауым алдында жария еткен.
Содан бері бірнеше ай өтті. Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бұрынғы басшылары Талғат Әбілқасымов, Қабжан Еділбайдың тұсында дәл сол азаматтардың қамқорлығының нәтижесінде ондаған жылдар бойы жарық көріп келген «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының «Ертіс дидары» газетінің шығарылымы Сәуле Османованың тіл басылымына деген теріс көзқарасының салдарынан тоқтады. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев өзге қызметке ауысты. Аталмыш басқарма облыс мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бір бөлімі болып қайта құрылуына байланысты біраз білікті кадрлар қысқартуға ұшырады. Есесіне Сәуле Османова бөлім басшысы қызметін атқарып жүр.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жоғарыда баяндалған жайдан толық хабардар бола тұра, қоғам белсенділері мен тіл жанашырларына қандай да бір жауап қайтаруды жөн көрмеді. Ендеше, «Сәуле Османованы қолдап жүрген жүрген кім, Болат Бақауовтың өзі ме, әлде басқалар ма?» деген сауалдың туындауы негізсіз емес.

Арман ҚАНИ,
«Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының Басқармасы мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің иегері.

Пікірлер