Экс-министр “Түркістанды” 44 есе арзанға сатқан ба?

1200
Adyrna.kz Telegram

«Көшпенділер» фильмі үшін бекіністі бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысы бар компания сатып алған. Мәміле құны айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы брифингте «Антикор» ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Әңгіме Алматы облысындағы «Көшпенділер» фильмінің түсірілім алаңы және түсіру орны ретінде салынған бекініс туралы болып отыр.

«Жасанды қамал тарихи фильмдер түсіру үшін бюджеттік ақшаға салынған. Түркістанның жасанды бекінісі бұрынғы Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына қарасты коммерциялық ұйымға оның құрылысына жұмсалған қаржыдан 44 есе төмен бағаға сатылған. Қазір бұл активті мемлекетке қайтару шаралары жүргізілуде», – деді Арман Тілеукенов.

Антикор бұл қылмыстық іске экс-министрдің қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр, ал «Қазақфильм» АҚ бұрынғы басшысына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, қазір Мұхамедиұлының үстінен «Дипломат» қонақүйін рейдерлердің басып алуына қатысты іс бойынша сот жүріп жатыр. Ал маусым айында экс-министр бас экспонаты «Алтын адам» болатын халықаралық көрмеге бөлінген 221 миллион теңгені жасырып, ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Пікірлер