НҰРТАЙ ЕРНАЗАР: Ақынның соңғы жазбасы. Ақылды халық артта қалған жүйемен жұмыс істей ме?

5071
Adyrna.kz Telegram
Нұртай Ерназар
Нұртай Ерназар
Қарашаның 3-інде ақын, журналист Нұртай (Карл) Ерназаров қайтыс болды. Кеше ғана әлеуметтік желіде өкпесін қаратып, ауруханадан шыққанын жазып, дәрігерлерге алғысын білдірген еді. Бұл жазбасында ол медицина және жедел-жәрдем саласындағы өзі байқаған жүйелі кемшіліктерді де сипаттаған. Ковид індеті кезінде де әлеуметтік желіде жазба қалдырып, ертесінде дүниеден өткен қаламгерлер болған. Мына жазба сол кездегі көріністі қайта көз алдыға әкелгендей болды...
Аяғыма жасалған отадан кейін қатты әлсіреп кетсем керек, арада бір апта өтпей қос өкпеден алып түсті.
Дүркін-дүркін көтерілген қызу мен жөтел шаршатып-ақ тастады. Тағы сол емханаға телефон шалып, терапевтің қабылдауын сұрадым. Олар бұл аптаға орын жоқ деді.
"Қалқам, жағдай осындай болып тұр. Мен көмектесе алмаймын".
Амал жоқ, бөлім меңгерушісіне бардым, ол бір дәрігерге жібереді. Ол тыңдап көріп "сізде пневмоние жоқ" деп, бірер дәрі жазып берді. Олардан көмек болмады, тыныс алу қиындап барады.
Жедел жәрдем шақырдым, олар екінші қалалық ауруханаға апарып тастады, жердің түбі екен. Кезегім келгенде ренгенге түсіріп, олар да сізде пневмония жоқ, сондықтан сізді жатқыза алмаймыз төртінші ауруханаға барып көріңіз, өз ауданыңыз, солар емдеуге міндетті деді.
Сүйретіліп сонда келдім, олар бізде өкпе емдейтін бөлім жоқ, Қалқаманға барыңыз деді. Ауырып әлің кетіп тұрғанда жүру қандай ауыр, үйге жеттім де құладым.
Әйел жұмыста, балалар жан-жаққа хабарласып, кеңес сұрай бастады. Біреу шұғыл түрде КТ түсіріңдер депті. Жаппарқұлда жан бар ма, оған да бардық.
Ондағы жігіт "аға, оң жақ өкпенің бір бөлігі ғана сау, қалғанын түгел алып қойған, шұғыл ем алмасаңыз кеш болады" деді.
Тағы жедел жәрдем, шақырдық. Олар Қалқамандағы пулманология орталығына жеткізді. Жол мұндай ұзақ болар ма, кешкі кептеліс жедел жәрдемді де тұтқындап тастайды екен. Ауруханаға жете алмай талай адам көз жұмған шығар-ау деп те ойлап қоям.
Бақсақ, бұл да бір шешуін таппай келе жатқан проблема екен ғой.
Ауруханаға жеткенде жүруден қалдым, ары қарай арбамен алып кетті. Мұрынға кислород шлангасын тығып жіберіп, тамырдан тамшылатып суара бастады.
Қойшы, не керек, содан он бес күн дегенде қызу басылды, қыбырлап жүре бастадым. Егер анда-мында әуре қылмай бірден осында жіберсе, анағұрлым жеңіл болғандай екен.
КТ түскенге дейінгі аппараттар жаман ба әлде дәрігерлер ренгенді дұрыс оқи алмай ма, сізде ештеңе жоқ деп сендірді ғой, бірақ нәтиже керісінше болып шықты.
Ковид кезінде мықты спортсмен жігіттердің бір-екі күнде кетіп қалғанын естіп қайран қалушы едім, осы жолы өз басымнан өткізіп барып көзім жеткендей болды. Өкпе дұрыс жұмыс істемеген соң ағзаға оттегі жетпей қозғалуға шама келмей қалады екен.
Нақты емдейтін жерге жеткенше кедергі неге көп?
Бірақ өткенде министр ханым осы жүйе дұрыс дегендей қылды ғой. Айтайын дегенім өз жағдайым емес, осы жағдайды бастан кешіп жатқан көптің бірімін ғой, мына жүйенің осылай жалғаса бергені дұрыс па, әлде жаңа ұтымды тәсілдер қажет пе? Озық елдерден тиімді бір жүйені ұрлап алсақ та мына жағдайды өзгерту керек шығар? Ақылды халық артта қалған жүйемен жұмыс істей ме?
Дегенмен аурухана дәрігерлеріне алғысым шексіз, табысты болсын. Бүгін үйіме кеп рахаттанып қалдым, қара домбырамды да сағыныппын. Бірақ бір айға дейін үйден шығуға, қонақ қабылдауға тиым салынды. Бұл күн де өтер. Ауырмаңыздар.

 

Пікірлер