Зайырлы қоғамда діннің рөлі қандай болуы керек?

4705
Adyrna.kz Telegram

Еліміз егемендігін алғанда қоғамдағы діннің рөлі  айқындалған болатын.  Сан ғасырлық мәдениетіміз бен  салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды  ислам дінімен сабақтастырған ата-баба жолы бойынша зайырлы мемлекетемізде  адам құндылығы мен бостандығы, оның діни наным-сеніміне еркіндік берілген.

Деседе бүгінгі таңда зайырлы қоғамның өз мақсат-мүддесіне қайшы әрекет жүргізіп жатқан жат ағымдардың кейбір әрекеттері ұлтымыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатқаны шындық.

Зайырлы мемлекетте діннің орны қандай болуы керек? Дін қоғамдағы адам санасын дұрыс бағытта қалай қалыптастырып, тәрбиелей алып жатыр?  Зайырлы қоғамның шынайы сипаты қандай болуы керек?  Осы сұрақтар көптің көкейінде жүргені жасырын емес.

Дін  – адамзат баласын бір-біріне мейіріммен қарап, тазалықты, имандылықты насихаттайтын үлкен құрал.  Қазіргі қоғамда шындығына келгенде діннің атын жамылғандар елдің тыныштығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін пиғылдарға көшті.  Бұл зайырлы мемлекет үшін аса қауіпті құбылыс.  Зайырлы қоғамның  сипатында мемлекеттің халқын ұйыстырып, ұлттық мүддеге жұмыс жасауға үндейтін  басты тетік – сауаттылық пен білім.

Біздің қазіргі мемлекетіміз азаматтардың білім алуына барынша көңіл бөліп отыр.  Жалпы орта білім беретін мектептер мен  колледж,  университеттердің білім берудегі сапасын арттыруда арнайы бағдарламалар қабылдануда.  Алайда көп жағдайда кейбір ауыл, аудандарда  білім ошақтарының жетіспеушілігі сезіледі.  Арнайы кәсіби бағдарға бағытталған колледждердің, жоғарғы оқу орындарының санын да неғұрлым көбейте түскен  жөн.  Діни сауаттылықты қалыптастыру тетігі деп тек мешіттердің санын көбейтуге мән беру қазіргі күні аса қажетті болмауы мүмкін екендігін бағамдаған жөн.

ХХІ ғасыр озық технология мен инновацияны дамытатын дәуір екенін ескерсек, тек діни ғимараттармен салыстырғанда зайырлы қоғамда алға қарай жылжуды мақсат тұтатын жастарды қолдайтын білім ошақтарының көп болғаны қоғам үшін пайдалы.

Зайырлы мемлекеттің  өз заңы, қадір тұтар  құндылықтары бар. Мұндағы басты құндылық адам болса, оның сол елде  заманға сай білім алып, дамуы негізгі қағида болып саналады. Біз осыны ескеруіміз қажет.  Ұлттық мүддемен астасқан жағдайда ғана  зайырлы қоғамның өз қағидаттары жүзеге асатынын ұмытпаған абзал.

Тарихта діни экстремистік ұйымдардың кесірінен қаншама мемлекеттің күйреп, жойылып кеткені белгілі. Дін атын жамылған теріс пиғылды миссионерлер елдің арасына іріткі салып, ұлтты ыдыратудың әрекеттерін жоспарлайды.

Сол арқылы өзін зайырлы деп таныған елдің береке-бірлігін бұзады. Бұл экстремистік ағымдардың әрекеті зайырлы қоғамдағы діннің шынайы келбеті болып табылмайды. Осыны қаперімізде ұстанған жөн болар, ағайын!

Пікірлер