Жарық сөнген уақытта Астанада тұрғын үй өртеніп, зейнеткер қаза тапты

1619
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Астанада 30 қазанға қараған түні тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан 72 жастағы әйел қаза тапты. Бұл туралы ақпаратты елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әлеуметтік желілерде өрт шыққан тұрғын үйдің ауласы видео жарияланған. Кадрларға қарағанда, өрт кезінде аймақта жарық болмаған.

Мәлімет бойынша, 30 қазан күні сағат 00:22-де "101" пультіне Манас көшесі, 3/1 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына аттанған. Сөндірушілер келген уақытта бес қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінің бірінші қабатында 18 шаршы метр аумақты құрайтын тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып жатқаны анықталған.

Өрт орнынан 1951 жылы туған әйелдің денесі табылды, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан 51 тұрғын эвакуацияланды, оның ішінде 14 бала бар. Өртті жеке құрамның 16 қызметкері төрт техниканың көмегімен  сағат 00:44-те сөндірген. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Еске салсақ, 29 қазан күні кешке Астананың үш ауданының тұрғындары ЖЭО-2-дегі қысқа тұйықталу салдарынан жарықсыз қалды. 

Пікірлер