"Өз-өзіне қол салған". Мырзатай Жолдасбеков жазушы Ақселеу Сейдімбектің жұмбақ өлімі туралы айтты

8339
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков жазушы Ақселеу Сейдімбектің жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Ғалымның "Айқын" ютуб арнасында шыққан сұхбатында Ақселеу Сейдімбектің қазасын "ең үлкен қайғы" деп атаған.

Қайраткердің сөзінше, бұл қаза - бүкіл қазақтың басына түскен ауыр қайғы.

"Ақселеу Марғұланнан кейін кіші Марғұлан деймін. Ақселеу қайтыс болғанда, қабырғам қаусады. Еуразия университетіне ректор болып келгенде, ең бірінші сәлем берген - Ақселеу. "Қайда жүрсің" десем, "Президент мәдениет орталығында" деді. Журналистика кафедрасына бастық қылып қойдым. Ақселеу Қойшығара екеуі үнемі қасымда жүрді. Бір сәт қасымнан қалдырған емеспін. Әттең, Ақселеу. Әттең, Ақселеуім. Ауруханаға барып, қаралып жатыр едім, Иманғали звондады. "Мырзеке, сұмдық болып жатыр. Ахаң қайтыс болды" дейді. Тастай салып келдім. Несіпбек екеуі жайғастырып қойыпты. Үйінде жалғыз болған. Өзіне қол салған. Мылтықпен ауызға салып, тас талқанын шығарып атып жіберген. Неден болды, қалай болды, бұл жағын білмеймін. Сондай опынатындай ештеңе жоқ сияқты еді. Қайда барса, ел сыйлайтын Ақселеу еді. Кейінгі кезде қазақтың басына қонған үлкен қайғы деп ойлаймын", - дейді ол сұхбатта.

Еске салайық, этнограф-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақселеу Сейдімбек 67 жасқа қараған шағында, 2009 жылдың 16 қыркүйегінде өмірден озды.

Пікірлер