Home » Айдарлар » Қоғам » «Бес уақыт намаз» Құранда жоқ

«Бес уақыт намаз» Құранда жоқ

Құрандағы намаз түсінігі
Ислам діні дегеніміз – Құдайдың жолы. Құдайдың адамдарға арнаған жолы Құранда көрсетілген. Сондықтан мұсылманға парыз саналып жүрген бес уақыт намаз түсінігін де тек Құран аясында тәпсірлеу қажет.
Адамдардың санасын жаулап, халыққа ырық бермей ықпалында ұстағысы келетін дінкештер намаздың мұсылманға парыз екенін ойдан шығарылған хадистер арқылы түсіндіргісі келеді. Намаздың негізгі дәлелі ретінде Мұхаммед пайғамбардың «Миғражға көтерілу оқиғасын» алға тартады. Ақиқатында «Миғраж» – ақылға қонымсыз, мифпен тұманданған аңыз-әпсана ғана емес, намаздың санын Мұса пайғамбардың жөн сілтеуі бойынша Құдаймен саудаласып жүрген Мұхаммед пайғамбардың тұлғасына көлеңке түсіретін «оқиға».
Түркі тілдес халықтар санасына әбден орныққан парсының «намаз» сөзінің төркініне көз жүгіртсек, бұл сөз ерте замандағы заратуштра нанымындағы бес уақыт табыну рәсімін анықтайды. Яғни ежелгі заратуштра нанымындағы парсылар тәулігіне бес рет құлшылықты «намаз» деп атаған. Сондықтан қазір мұсылмандарға парыз етіліп жүрген бес уақыт намаз түсінігінің ислам дініне қай кезде, қалай жабысқанын анықтау қиын іс, бітпейтін дауға ұласып кете береді.
Құранда «намаз» түсінігі араб тілінің «солят» сөзімен берілген. Түп төркіні «солятун», «уасоля» болып келетін «солят» сөзін тікелей қазақшаға аударсақ, «байланыс», «байланысу» деген мағына береді. Құранның мінәжатқа қатысты аяттарының контекстіне үңілсек, «солят» сөзі адамның ақыл-санасы арқылы Құдаймен байланысуын анықтайды екен. Мұндай «байланысты» тәулігіне қанша рет және қашан жүзеге асыру қажет?» деген сұрақтың да жауабы Құранда бар. Құдаймен байланыс жасау жөніндегі аяттарды сараптасақ, көбіне «таң», «кеш», «түн», «таңның атуы», «күннің батуы», «соның (таң мен кештің аралығы) ортасы» сөздері жиі айтылады. Солардың ішіндегі «таң атқаннан кеш батқанға шейін және соның аралығында солят (Құдаймен байланыс)» жасау жөніндегі сөз тіркесі назар аударарлық. Осыған орай, шынайы дін ретінде Құранды ғана басшылыққа алу жөніндегі принципті ұстанған ерте заманғы мутазилиттер тәулігіне екі рет мінәжат (таңғы және кешкі намаз) етуді айтты. Арабтың «орта» (соляттул усто) сөзіне мән берген кейбір тәпсіршілер тәулігіне үш рет (таңғы, түскі және кешкі намаз) солят жасауға үндейді.
Мұхаммед пайғамбар арқылы уахи етілген Құран араб тілінде хатталды. Араб тілінде де қазақ тіліндегідей теңеулер жиі қолданады. Мысалы, «ұрының қолын кесу» деген тіркес оның қолын балтамен кесіп тастауды емес, ұрлықшыға ұрлық жасауға мүмкіндік бермеу дегенді білдіреді. Егер қазақтың «Пәленшенің жолын кесуін» сөзбе-сөз түсінсек, Пәленше жүретін жолды (көшені) пышақпен тілгілеп жатқандай болып елестейді. Бірақ біз мұны Пәленшенің әрекетіне кедергі жасау, оның ісін болдырмау деп түсінеміз. Тура осындай теңеулер Құран аяттарында өте көп. Сондықтан «Құдаймен байланысу» (солят) жөніндегі «таң ату» мен «кеш бату» сөзін сәйкесінше «адамның оянуы мен оның ұйқыға кетуі деп түсінген жөн. Бұл Құрандағы «Құдаймен байланысу» (солят) ұғымына сәйкесіп қана қоймайды, діннің мағынасын аша түседі. Себебі адам өзінің Жаратушысымен байланысты ақыл-санасы арқылы жүзеге асырады, ал ол ұйқыға кеткенде ми демалыс жағдайына өтіп, ақыли процесс тоқтайды. Жаратушының «таң атқаннан кеш батқанға шейін және соның аралығында солят» жасауға шақыруының себебі де осында. Биологиялық және физиологиялық жағынан ұқсас басқа жануарлардан ерекшелеп адамдарға ақыл сыйлаған Жаратушы олардан үнемі ақылы ояу (оянған кезден ұйқыға кеткенге шейін) кезде Өзі бекіткен заңдылықты сақтауды, ақиқаттан ауытқымауды талап етеді. Құранда арақ-шарап ішіп алып масайып қалғандардың солят жасауға болмайтыны жөнінде айтылуы да бекер емес. Себебі мас адамның ақылы тұманданады, әдетте адамдар ұйқыға кеткендегідей ақыли процестен ауытқып, бейсана жағдайына өтеді. Мұндай жағдайда «Құдаймен байланыс» жасау мүмкін емес және ондай әрекетте мағына жоқ.
Құранда адамдардың әрекетіне қатысты моралдық, этикалық нормалар түгел қамтылған, адал мен арам түсінігінің аражігі ашып көрсетілген. Ақиқат, әділдік, еркіндік, мейірім, ынсап, сабыр, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға залал тигізбеу сияқты ізгі амалдар мен жақсылықтың бәрі Құдайдың жолы деп қарастырылады, ал жауыздық, ысырап, төзімсіздік, арамдық, Құдай жаратқан дүние-ғаламға зиянкестік жасау сияқты жаман іс-әрекет Құдайға шет. Адам ақылға келе сала (ұйқыдан ояна сала) Құдайдың көрсеткен жолына сәйкесетін іс-әрекет жасауы тиіс. Ақыл сыйлап, саналы етіп Өзі жаратқан жеке адамнан да, бір жерге топтасқан адамдар қауымынан (солятил джум’а) да осыны ғана талап етеді. Бұған ұлы Жаратушының қақы бар. Себебі – «Құдайдан басқа құдай жоқ».
Құдайдың жолын немесе ненің жаман, ненің жақсы екенін білу үшін Құранды түсініп оқу қажет. Ол үшін араб тілін білген адам арабша, арабша білмейтін адам Құранның аудармасын өз тілінде оқып түсінуді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Құдаймен байланыс (солят) жасап жатырмын» деп арабша түсінбейтін адамның Құранның бірнеше сүресін бес мезгіл қайталап оқи беруі бекер іс және оның Құдайға түкке қажеті жоқ. Сондықтан әрбір мұсылман өз тілінде Құранды бастан-аяқ түсініп оқып, оның Құдай көрсеткен жолмен жүруі діннің мәні мен маңызын аша түседі.

Тұрарбек Құсайынов

“Демос'” ҚБ төрағасы

 

Мақала Құран Кәрімді Қазақстанда алғаш рет орыс тіліне аударған Серік Рысжановтың сайтынан алынды…

https://narok.com.kz/temy-korana/predpisaniia/koran_o_molitve

Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

21 мың теңге үшін өлеміз бе?! (Фото, видео)

Иә, 21 мыңның жыры әлі де жалғасуда. Халықтың қамын жеудің орнына Жұмыспен қамту және әлеуметтік ...