Зеленскийге бола Ресей мен Албания өкілдері БҰҰ отырысында сөзге келіп қалды

1923
Adyrna.kz Telegram

Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя 20 қыркүйек күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Украина бойынша отырысын "спектакльден кем емес" деп айыптады. Тұрақты өкіл Украина президенті Владимир Зеленскийдің отырыста бірінші болып сөз сөйлегеніне наразы болған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Украина басшысының бірінші болып сөз алғанына кейіс танытқан Ресей өкіліне Албанияның Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Эди Рама жауап берді. ОЛ сөз сөйлеу тәртібі алдын ала келісілгенін айтып,  бұдан бұрын ешкімнің қарсылық танытпағанын хабарлады.

"Украина президенті Владимир Зеленскийге кеңес мүшелері сөз сөйлегенге дейін отырысты бастауға қалай, неге сүйеніп рұқсат бердіңіздер? Осындағылардың көбі -  мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде ұсынылған өкілдер. Албания өз төрағалығы кезінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің іс-шараларына ашық немқұрайлылық танытып, жалпыұлттық саяси, идеологиялық көзқарастарды Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының міндеттерінен жоғары қоятынына өкінеміз", — деді Ресей Федерациясының тұрақты өкілі.

Ресей тарапының уәжіне Албания өкілдері қағытпа қалжың, ашық кекесінмен жауап бергені байқалады:

"Мен ресейлік әріптестерімізді және барлық қатысушылардың назарын аудара отырып, Албания төрағалығының арнайы операциясы емес, кеңестің бұрыннан қалыптасқан тәжірибесінің жалғасы екендігіне сендіргім келеді.  Сондықтан бүгінгі сөз сөйлеу тәртібі Кеңестің жұмыс тәртібіне толық сәйкес келеді деп айта аламын. Дегенмен сіздің уәжіңізді де ескерудің бір жолы бар.  Жол - cіз соғысты тоқтатыңыз, сонда президент Зеленский сөз сөйлемейді", - деді Албания Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Эди Рама.

Естеріңізге сала кетейік, Украина президенті БҰҰ Бас ассамблеясының алдында сөз сөйлеп, "Ресейді ядролық қарусыздандыру" әрекетін бастауға шақырды. Сонымен қатар, Украина ұсынған "Бейбітшілік формуласы"бойынша өтетін саммитті еске салып, барлық мемлекеттерді атсалысуға шақырды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер