Home » Ұлттық құндылықтар ұлт қорғаны » Көне аспаптардың зерттелуі мен насихатталуының өзекті мәселелері

Көне аспаптардың зерттелуі мен насихатталуының өзекті мәселелері

Қазақ халқының ең көне аспаптары қобыз бен домбыра қатар аталатын болса, солармен қоса өмір сүріп келе жатқан қазіргі таңда кәсіби музыканттар мен музыкатанушылардың қызығушылығын оятып жүрген, алғаш көріп, тыңдаған адамның ойында жұмбақ күйінде қалатын аспап жайында болмақ менің мақалам. Әрине, мақаланың өзі де әртүрлі стильде жазылады және оны жазып отырған жазушы ол жағынан хабардар болуы тиіс, бірақ мен жазушы да, журналист те емеспін және маған бұл хақында сөз қозғап әңгіме өрбіту тек қана өз қызығушылығым мен ұлттық өнер деген махаббатым итермеледі деуге болады. Жазғалы отырған алғашқы мақаламның қандай стильде жазылғанына ең бірінші көз жүгіртіп отырған мына сіз, яғни құрметті оқырман қауым өздеріңіз бағалап тиісті бағасын берерсіздер. Мендегі бар мақсат пен ықылас осынау тарихы тереңге баратын аспап туралы келер ұрпаққа бір пайдасы болар деген үмітпен аз да болса мәлімет пен ақпарат жазып қалдыру, бұл аспаптың насихатталуы жайында біраз мәселе көтеру.

Сөздің басы әлқисса демекші, бұл аспаппен алғаш танысуым туралы айтып өтсем артық болмас деп ойлаймын. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласының №1-балалар музыка мектебінде концертмейстер болып жұмыс жасап жүрген кезімде, мектептің «Арқа сазы» атты фольклорлық ансамбліне жетекшілік ететін Алтай Әбен ағамызға өтініш білдірдім. Ол кісі менен бірден қандай аспапта ойнай аласың деп сұрады, мен кез-келген аспапты тартып кете бере алатынымды айттым. Осыдан кейін мектеп директоры Сәулеш Төлегенова екі жыл қорапта тартылмай жатқан адырнаны тартасын деді. Ол аспапты бұрын-соңды атын естісем де, қол тиігізіп көрмегенімді тек өзім ғана білемін. Бірақ тартып кете алатыныма өз-өзіме сенім артсам да, іштей аздаған қобалжу бар. Сонымен, нартәуекел адырнаны бастап тартып та кеттік, ансамбльдің репетициясынан қалмай жүріп игеріп алдым, концерттерге де шығып жүрдім.  Көрген, естіген адам бірден мынау арфа ма деп сұрайын десе, қалыбы жаугершілік кезінде батырлардың садағына ұқсас. Сонымен бұл қандай аспап болды, қай заманның аспабы, не себепті бұл дамымай, аты аталмай қалды, бәлкім бір кездері ол өте танымал болған шығар, оны не үшін ойлап тапты, оның бейнесі дәл қазіргідей болды ма жоқ па деген мені мазалаған сұрақтарға өз әлімше жауап көруге тырыстым.

Ары қарай өзім туралы айтуды тоқтатып қазақтың көп ішекті аспаптары туралы біраз ізденісімді қағаз бетіне түсіріп көрейін.

Әл-Фараби ішекті-шертпелі аспаптардың пайда болу төркінін садақтан тарады және бұл барлық елдерде негізделген қағида. Күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан югослав халқының бір ішекті гусласы, эстонның бір ішекті мольдпилі, удмуртияның бір ішекті монохорды осы ішектен бермен жалғасып келе жатқан арна. Ертеде қазақтар арасында да бір ішектен он сегіз ішекке дейін тағылып жасалған аспаптар болған. Көп ішекті аспаптар өзіндік тарихымен, жасалу затымен ерекшеленеді.  Солардың бірі қазіргі таңда мүлде қолданыстан шығып қалған, тіпті аты да ұмыт бола бастаған – керуіш аспабы. Бұл аспап туралы ұлт аспаптанушыларының арасында күні бүгінге дейін түрлі болжамдар бар. Аты айтып тұрғандай, бұл аспаптың атауы қазақ қолөнерінде қолданылатын құралдың атауы. Керуіштің негізгі тұрқы бұрышты, доға, кейде садақ тәрізді иіп, шеңберлі етіп шырша, долана, емен секілді басқа да қатты жынысты ағаштардан жасалады. Осы нұсқаларына қарап қазақтар оны садақ, адырна, керуіш, кергіш деп атаса, түркі текті халықтар арасында шатхан, жадыған, ятхан, ал еуропалық елдерде ол жалпы арфа деп аталады. Керуіштің пайда болу әу баста садақтан өрбіп, түрлене келе әртүрлі бағытта қолданылған. Бірінде – ол шанағы шеңбер тәрізді етіп жасалған – тоқымашы-кестеші қыздардың кергіш құралы түрінде (1-суретте); екіншісінде – бітеудей сыпырылған аң, мал терісі керіліп кептірілген және тері илеуге қолданылатын бұрышты, доға, садақ тәрізді етіп иіп жасалатын музыкалық аспап түрінде дамыды. Осы үшінші нұсқасында ертедегі шеберлер керуіштің шанағына ірі малдың, бұғы, арқар секілді түз тағыларының ұзынша боп иіліп келген мүйізін пайдаланып, оған ішек керіп жасаған. Осы мүйіз қолдану әдісіне байланысты кейбір еңбектерде ол үрлемелі аспап деп қате берілген. Мұны «… Керуіш – мүйізден жасалатын үрлемелі аспап» және «бұғы сыбызғы» деп көрсеткен. Сол сияқты «… Керуіш – музыкалық аспап, ол садаққа ұқсас» немесе «…керуішті адырна деп те атаған» деген екі түрлі аспап туралы дерек сақталған. Кесте тоқуға арналған құрал түріндегі қолданысына:

Аушадияр он бесте,

Кергіш толған сым кетсе,

Сұлулықтан не пайда,

Ақша жүзден нұр кетсе…

деген жыр жолдары аңғартады. «… Керуіш он саусағынан өнер тамған кесте бізімен сусылдата кесте тоқитын қыздардың кергішінен пайда болған», – дейді бұл туралы информаторлар. Қазақтар арасында кесте тоқу қыз-келіншектердің кәсібі саналғандықтан, керуіш аспабында тек қыз-келіншектер ғана ойнайтын дәстүр қалыптасқан. Ал басқа халықтарда, әсіресе римдіктер мен вавилондықтар арасында қазақ керуішіне ұқсас аспапта көбінесе ер адамдар ойнайды. Түркітанушы ғалым В.В. Радловтың

          

1-сурет;                                                                                                                                                                                            2-сурет;

еңбегінде түрік халықтарының арасында кең тараған көп ішекті «енчин», алты ішекті «бозуқ» атты пернесі болмайтын аспаптар туралы деректер сақталған . Керуіш аспабының біздің заманымызға дейін болғандығын: «…Древняя ладьевидная арфа (керуіш – З.Ж.), пролежавшая 2500 лет в одном из скифских курганов из Алтая (Ү-ІҮ вв. до нашей эры)… Пазырыкскую арфу, дошедшую до нас благодаря слою вечной мерзлоты» деген жазбалар нақтылай түседі. Кеңестік жүйеге сай жекелеген халықтың төл мұрасына жататын осы секілді ежелгі дәуірдің қазба мұралары «кеңестік табыс», «кеңестік жаңалық» ретінде уағыздалып, жалпылама айтылып келді. Бұл жөнінде кеңес археологтары: «…Ассирия дәуіріне (б.з.д. І мыңжылдықтың басы) жататынын бұрышты арфаның кең тарағаны сонша, оны тіпті «жалпыхалықтық аспап» деп санауға болады», – деп жазады. Көптеген елдерде жалпылама арфа атанып кеткен осы керуіш тектес аспаптың көне үлгісі б.з.д. ІІІ ғ. жататын Иранның Шапура көне қорғанының тас қабырғаларына алты ішекті, бұрышты етіп қашап түсірілген.

Әу баста шығыстан тараған керуіш, адырна аспаптары халықтардың бір-біріне араласуы, босуы нәтижесінде керуіштің бастапқы нұсқасы сол ауысқан, сіңген ел мен жердің дүниетанымына сай өзгерді, атаулары жергілікті жұрттың тілдік лексиконына сай айналысқа түсті. Батыс пен Еуропа жұртшылығы арасына олар арфа, лира т.б. атаулармен тұрақтап қалды. Қазақ керуішіне 13-тен 18-ге дейін ішек тағылып, шертіп, ілмелеп отырып ойналады. Жастық ағашының беті терімен немесе тұтас ағашпен жабылады. Ішектер байланатын доға тәріздес басы аққу тәрізді етіп жасалса, бұл нұсқаны «аққу керуіш» (2-суретте); бұғы, арқар мүйізі салынып жасалса, «мүйіз керуіш» деп атайды.  

Көп ішекті аспаптың осыған ұқсас тағы бір түрі – адырна.  Аспаптың пайда болу тарихы б.з.б. ІІІ ғасырдан б.з. ІХ ғасыр арасы деген болжамдар бар. «…Бағзы заман аңшыларының садақ атып, жебе тартып, аң аулау, құс ату секілді тұрмыс-тіршілік қарекеті адырна аспабының пайда болуына негіз болған…» немесе «…біздің жыл санаумыздан бұрын адырна садақ тәріздес етіп жасалып, шанақты марал, таутеке, бөкен, бұғы, өгіз секілді жануарларға ұқсастырып жасайтын болған…» (3-суретте), – деп айтылатын сипаттамалар ел аузында сақталған. Сонымен, адырна қыпшақтар мен түркі халықтарына ортақ танымал болған, бейнесі садаққа ұқсатып жасалған көп ішекті, ішекті-шертпелі аспаптар тобына жататын музыкалық аспап. Аспаптың алғашқы нұсқадағы түрлері ағаштан жасалып көн терімен қапталатын, шанағы қуыс, еліктің, маралдың, ешкінің яғни мүйізді аңдардың бейнесіне ұқсатып жасаған, аңшылар пайдаланған аспап. Осы төңіректе аспаптарға өгіз, сиыр, ат басын салып жасау дәстүрі ежелден қалыптасқан дәстүр және ол бірқатар халықтарда кездесетіні жайлы айта кету керек. Мысалы, моңғолдардың моринхур деген аспабы өлген тұлпарды есте сақтау үшін иесі өзі жасаған аспапқа тұлпарының қыл-құйрығынан ішек тағып, терісімен бетін қаптап, аспапқа аттың басын шекіп салған. Сол сияқты «…Көшпелі скифтер (ғұндар) жайбарақат отырған шақта садағының адырнасын шертіп отыруды әуес көрген…», – деген жазбалар да адырна аспабының ертедегі нұсқасы мен қолданысынан хабар береді. Тарихтан белгілі Сақ дәуірі кезінде б.з.б. ҮІІІ ғасырда пайда болған аң стилі мәдениеті – аңдар мен аңыздарды бейнелейтін, бұйымдарға бедерленіп өзінше әсемдік пен сән беріп тұратын үлкен мәдениет болған.

Қазақ шеберлері өгіз бас адырна жасау үшін алдымен үсті ашық шанағын (тұғырын) жасап, астына тері тартады. Астыңғы тері арқылы тартылған ішектер мүйізге орнатылған құлақтарға байланады. Ішектер саусақ қимылына кедергі келтірмейтіндей арақашықтықта болып келеді. Аспаптың жалпы ұзындығы 50 см, шанақ биіктігі 10 см. Аспапқа 7-ден 13-ке дейін тарамыстан ысылған ішектер тағылады. Ал адырнаның садақ нұсқасында жебе орнына шанақ орнатылады. Оны ұстап тұратын тіреу бекітіледі. Шанаққа жарғақ тері қапталады.

Адырнаның ішектері көбінесе түйе жүнінен немесе есілген тарамыс жіптен тартылған. Олар жеті немесе он үшке дейін барған. Аспаптың ұзындығы 48-50 см болса, қалыңдығы 8-10 смді құрайды. Осындай ескі үлгідегі аспаптар Д.Шоқпарұлы (4-суретте), А. Құмаровтың қолынан шыққан нұсқада Алматы қаласының Ықылас атындағы мұражайда сақтаулы тұр.  

3-сурет;                                                                                                                                                             4-сурет;

Аспапты тарту әдісі екі қолмен іске асады, техникасы саусақтың ұшымен іліп тарту және шерту. Аспаптың ұзындығы бір кез, ені бір аршын яғни шынтақтан саусақ ұшына дейін ғана болғандықтан,орындаушы алдына қойып, екі қолмен, отырып немесе тұрып орындауға ыңғайлы болу үшін жасалғандығын аңғаруға болады.

Қазіргі таңда адырна тек отырып орындалады.  Еуропаның Арфа деген аспабы іспетті өзі тұратындай қосымша аяқтары мен садақты бейнелеуге әсемдік үшін жасалған арнайы бұйымдары бар. Осындай үлгідегі аспапты алғаш Алматы қаласында 2009 жылдары Дилманов Мейірбек Алиұлы деген шебер Сазген сазы ансамблінің тапсырысы бойынша бірнеше үлгіде жасап шыққан. Қазір де сол аспаптардың әртүрлі формасы қолданыста, және алғаш садақ түріне ұқсатып жасалған түрі Сазген сазының тұрақты аспабы болып, ел-жерді аралап жүрген жәйі бар. Енді сол аспаптың біраз өзгерген түрлері жайында айтып өтейін.  

Аспап анағұрлым дамыған және бұрыңғы аңдық стильден кетіп садаққа ұқсатып жасалған. Оны алдыға қойып, белдікпен белге буып, отырып немесе тұрып та тартуға болатындай етіп жасалған. Ені мен ұзындығы да біршама ұзарып, ұзындығы 1 метрден де асады (5-суретте;). Алғашқы нұсқаларына аспаптың бетіне тері қаптап, домбыраның ішегіндей ішек тағылса, кейіннен аспаптың дыбысы әлсіздеу болған соң шанағына ағаштан беттақтай жасалып, нейлон ішектер тағылған және 15 тен 20-ға дейін көбейген. Ішектерінің көбейюі аспаптың диапазонын кеңейтетіні сөзсіз. Ең төменгі нотасы кіші октаваның ля нотасынан бастап ноталар ретімен сатылап жоғары өрлейді. Ең жоғарғы нотасы екінші октаваның Ми нотасына дейін барады. Яғни, диапазоны 2,5 октаваға дейін барады. Үні  нейлонмен қапталған сым ішек тағылғандықтан арфа аспабына жақын келеді. Күйлерді жеке орындауға, әртүрлі аспапты, әншіні сүйемелдеуге қолданылады.

5-сурет;

Ал енді мақаланың өзектілігіне келетін болсақ, бұл аспаптардың жасалуы, таралуы, орындау әдісі, үйрету әдісіне қатысты мәселелердің барлығы үлкен зерттеуді, оны насихаттауды және мемлекет тарапынан үлкен қолдауды талап етеді. 2014 жылы Нұрбек Қабылұлы деген азамат Үрімжі қаласына Қорлан Кәртенбаева, Әйгерім Дайрабаева деген жетігенші, адырнашы ұстаздарды ертіп апарып адырна мен жетіген аспаптарын жүйелі түрде үйретуді ұйымдастырған. Алғаш жетігенге арналған ноталық үлгідегі «Жетіген үйрену мектебі» деген кітаптың авторы Қорлан Кәртенбаева адырна аспабына да бірнеше әндер мен күйлерді лайықтап үйреткен. 1 айлық аспап үйрену курсына 17-40 жас шамасы аралығында 60 талапкер осы аспаптарды игеріп алған. Сол мектеп жалғасын тауып, үйренген шәкірттер облыстық филармония, оркестр мен ансамбльдерде осы аспаптарды ары қарай дамытып жалғастыруда. Соның ішінде Дина Азатқызы және Ұлжан, Алма. Күншуақ сынды қандас қыздарымызды да атап өту керек.  Кезінде қытай шекарасына сызылып кеткен қазақ жерін мекендеп келе жатқан қазақтар осы аспапты дамытып жатқандары қуантарлық жағдай. Бірақ өкініштісі нақ адырна аспабында шертілетін күй, немесе адырна аспабын орындаушы деген сөз тіркестерін, ноталық жазбаны, қандай да бір аудиожазбаны ескі жазбалардан кездеспейтіндігінде, сол себепті де адырна қазақтың көне әрі төл аспабы болғандықтан аса мән беруді қажет етеді, аспапқа лайықтап ән-күйлерді түсіру, аспаптың орындаушылығына байланысты әдістемесін жазу аса қажет деп санаймын.

Адырна аспабының басқа ұлттарда кездесетін түрлері жайында айтатын болсақ, түркі тектес халықтардың ішінде қазақтан басқа өзге ұлттарда сақталмаған мүмкін сақталғаны да бар шығар, ол енді алдағы ғылыммен айналысатын зерттеушілердің еншісінде, Азия халықтарының ішінде үнді халықтарынан ауызша дәстүрмен тараған бирман, карен, мон деген халықтарда әлі күнге сақталып келеді. Мысалы, арфаның ең көне түрі Мьянма территориясында кең таралған дәл осы адырнаның көне түріне ұқсас, ұзындығы бір аршын, алдыға алып тартылатын саунг атты аспабы бар (6-суретте;). Бұл аспап Оңтүстік-Шығыс Азияда кеңінен таралып, тамыры сонау шумерліктер өркениетіне баратыны жайында айтылған. Әйгілі жиханкез Марко Полоның кітабында «Поминки при кремации/Tanguth celebrant des funerailles» атты миниатюрада (7-суретте;) бір ақсақалдың кеуде тұсына тіреп тұрған, пішіні садаққа ұқсас, шанағы қуыс, кеудеге тіреген тұсынан бастап бірнеше ішектер тағылып адырнасының ұшы доғаланып келген, көп ішекті музыкалық аспап пен қасында кернейге ұқсаған ұзын үрмелі аспап тартып тұрған музыканттарды көреміз. «Тангуттардың мәйітті өртеу рәсімі» деген де атауы бар бұл миниатюраға М. Поло былай деп анықтама жазады: «…Қайтыс болған пұтқа табынушылардың мәйітін барлық жерде жаққан; …мәйітті өртеуге апаратын кезде, оның алдында түрлі музыкалық аспаптарда ойнаған…» (орыс тілінен аударма Н.С.). Садақшылардың қазақ даласындағы ең көне суреті Арпаөзен алабындағы б.з.д. ІІ мыңыншы жылдықтарға жататын жартастарда бейнеленген. Адырна деген сөз садақтың негізгі бөлігінің атауы. Оны ағаштан, сүйектен, мүйізден иіп құрастырады да қайыстан, тарамыстан немесе жібектен жіп-кіріс тағылғанда оған қарсы бағытта иіліп тұрады. Қатты серпінді адырналардан оқ атқанда шектей тартылған кірістің дірілінен гуілдеп дыбыс шығады екен. Қазақта «адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» деген сөз тіркесі осыған байланысты айтылса керек.

6-сурет;

 

7-сурет;

Қорыта айтсақ, адырна аспабының ұлттық өнерде алатын орны ерекше. Десе де аспаптың тұрақты пішінге келмеуі оның әлі де зерттеліп, зерделенуінде. Ішекті-шертпелі төл аспаптарымыз керуіш, адырна, жетіген аспаптарын тұрақты қалыпқа келтіріп, оны насихаттауды басты назарға алу керек деп санаймын. Арнайы хрестоматиялар жазып, арнайы әдіснамасы мен әдістемесін қалыптастыру арқылы кәсіби деңгейдегі мамандар даярлауды да қажет етеді. Көп ішекті ұлттық аспаптарымызды жаңғырту, қазақ халқында көпдауыстылық дамымаған я болмаған деген жаңсақ пікірді жоққа шығаратын бірден-бір дәлел екенін ұғындырады.  

Жексенбай Нұрғаным Саятқызы

Қазақ ұлттық өнер университетінің

«Музыка теориясы» пцк-ның оқытушысы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Белоусов Д. – Книга Марко Поло или оболганная Книга чудес 1298 года. 2017-2018 ж.ж.
  2. «Қазақ энциклопедиясы», Алматы, ҮІІІ том. 1998 ж.
  3. Википедия, еркін интернет энциклопедиясы.
  4. Жәкішева З.С. – Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары. Алматы. Алматыкітап. 2015
  5. Өнердің ықшам тарихы. – Алматы: Өнер, 1989
  6. Латышев В.В. Известия древних писателей о скифах в Кавказе//Вестник древней истории №4, 1947
  7. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т.ІІІ,ч.1. – СПб.,1888
  8. Руденко С.И. Кльтура населения Горного Алтая. – М.-Л.1953.
  9. Дьяконов В.В. Очерк истории древнего Ирана. – Москва. 1961
  10. Хаймолдин О. Адырна//Қазақ әйелдері №2. 1984

 

5 пікір

  1. Алмакул Нұрахметқызы

    Талабыңа нұр жаусын, қызым! Мақала өте жақсы жазылған. Ұмыт болуға айналған көне аспап адырнаны бүгінгі таңда біреу біліп, біреу білмейді. Бұл жинақтаған мәліметтерің келер ұрпаққа зор пайдасы тиеді деген үміттемін.

  2. Қаламың ұштала берсін,жарайсың!!!

  3. біз білмейтініміз көп қой,осындай жақсы мақалалар көп болса,кейінгі ұрпаққа қалдыратын керемет мұра.

  4. Талабыңа нұр жаусын.Батыс жаққа еліктеп жатқан жастарға тұсау болсын.Жастарымыз осындай көне аспаптарды біліп өскендері дұрыс қой.

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қазақ дәстүрлерінің саяси және тарихи мәні

Адам пайда болғалы бері аман қалу, тамақ табу, ұрпақ жалғастыру мақсатымен  өміріне лайықты, қажет, пайдалы ...