УРА-А-А-А, МЕН ПРЕЗИДЕНТ ЕМЕСПІН!

1732
Adyrna.kz Telegram

(Бүгінгі сатира)

Адамның түсiне кейде кiрмейтiн нәрсе кiредi. Таң алдында қара терге түсiп, шошып ояндым.
Қаптаған халық екен деймiн түсiмде, бәрiнiң көзi аспанда қалықтап ұшып жүрген бiр аппақ құста.
– Бұл не құс? – деймiн қасымда тұрған бiреудi түртiп.
– Бақыт құсы!– дейдi ол көктен көзiн алмастан. – Кiмнiң басына келiп қонса, сол адам осы елге президент болады!
– Қойшы-ей?! – деймiн нанар-нанбасымды бiлмей. -Тура ертегiдегiдей екен!
Дегенмен мен де көппен бiрге телмiрiп, жаңағы құстан көз алмай қарап тұрмын. Кенет, нанасыз ба, нанбайсыз ба, ақ құс айналып-айналып қалықтап жүрiп, тура менiң мыж-мыж қалпақ киген басыма келiп қонбасы бар ма! Апырмау, рас па, өтiрiк пе деп қуанғаннан есiм кеткенi сонша, тiптi қимылдауға шамам келер емес. Жаңағы қасымда тұрған адам өң-түсi бұзылып, дереу менiң жағама жармасты:
– Оңбаған, коррупционер, сен ақ құсты сатып алғансың, сен билiктiң жiберген жансызысың! Көзiңдi құрту керек сенiң! Мен ендi саған ғұмыр бойы оппозиция болып өтем!
Әлгiге: «Мен ешқандай билiктiң адамы емеспiн, шуылдасқан не қылған халық екенiн бiлiп кел деп Мықтыгүл (әйелiм) жiберген, керек болса, сол құсты сен-ақ ал» – деп айтайын десем, тiлiм таңдайыма жабысып секілді, тіпті дыбысым шықпайды.
Қайдан пайда бола қалғанын бiлмеймiн, кенет жан-жағым жарқылдаған фотоаппарат пен журналистерге толды да кеттi. Өзiмiздiң «Хабар» мен «Қазақстан» дейсiң бе, шетелдiк «Би-Би-Си» дейсiң бе, құдай-ау, барлығы менен бiр ауыз сөз естiгiсi келiп өлiп барады.
– Айтыңызшы, – дедi бiреуi, – сiз президенттiк билiкке жеткенше нендей кәсiппен шұғылдандыңыз?
– Мен өзi ...i-i-i.. көп жылдардан берi жұмыссызбын...– деп бастап келе жатыр едiм, қайдан шыққанын бiлмеймiн, жанымда шашын жылмита тараған, мұрыны картоп тәрiздес бiреу пайда бола кеттi. Сөйлегенде тiптi аузы-аузына жұқпайды.
– Абыржымаңыз, – дедi ол. – Мен сiздiң бас кеңесшiңiз боламын. Бұлар әдейi арандатушылық сұрақтар қоюы мүмкiн, өзiм-ақ жауап берем, сiз тек бас изеп тұрсаңыз болды.
– Бұл кiсi белгiлi қаламгер, – дедi ол журналистерге қарап. Ондаған кiтаптары жүздеген шетел тiлдерiне аударылған, ғұмыр бойы шығармашылық жұмыста болған адам, бүгiн халықтың қолдауымен президенттiкке қол жеткiзiп отыр.

Мынау не тантып кеттi, қайдағы кiтап, қайдағы шетел деймiн iштей.
– Кешiрiңiз, президент мырза, әйелiңiз немен шұғылданады? – дедi тағы бiр жалбыр шаш журналист қыз.
– Мықтыгүл ендi... үй шаруасында.., – деп бастай бергенiм сол едi, кеңесшiм тағы да орта жолдан киiп кеттi:
– Бұл кiсiнiң зайыбы ...i-i-i, атын атамай-ақ қоялық, белгiлi ғалым, ғылым докторы, көп жылдардан берi «Үй шаруасындағы әйелдiң қоғамдағы орны» деген тақырыпты зерттеп жүр.
«Өй, сен өзiң ағып тұрған суайт екенсiң ғой!» – деп кеңесшiме ескерту жасайын десем, құданың құдiретi, даусым шықпайды. Тек аяғын cиыр басып кеткен адам құсап, екi көзiм бағжаңдап, оған қарай беремiн.
– Отбасыңыз жөнiнде айтып өтсеңiз, балаларыңыз нешеу, қандай кәсiппен айналысады?
Тағы да кеңесшiм ағып ала жөнелдi:
– Бұл кiсiнiң алты баласының барлығы шетелде жоғары бiлiм алған. Негiзiнен осы елдегi жер асты байлығы, инвестиция тарту, мемлекеттiк сатып алу, ақпарат тарату, қорғаныс саласы, мемлекет қауiпсiздiгi, сот және прокуратура, қаржы полициясы, iшкi iстер қызметi, шетелдермен байланыс, коррупцияға қарсы қызмет, қысқасы барлық салаға бақылау жасайды.

«Қап, мынау тiрiдей өлтiрдi-ау!» –деймiн кеңесшiме iштей ыза болып, бiрақ сөйлеуге дәрмен жоқ.
– Шетел банкiлерiнде есеп-шотыңыз бар шығар? – дедi көзiлдiрiктi бiреу.
– Әрине, әрине, – деп кеңесшiм iлiп ала жөнелдi. Бұл кiсiнiң Швейцария банкiлерiнде 100 миллион доллары бар. Басқаша ойлап қалмаңыздар, ол шетелде басылған кiтаптарының қаламақысы...
Расын айту керек, iшiм кәдiмгiдей жылып қалды. Мықтыгүл кеше кешкi шай үстiнде: «Келесi аптада кiшi ұлдың «выпускнойы», өлсең де 100 доллар тап!» – деп қатал тапсырма берген. Әйтеуiр шетелде ақшам бар екенiн бiлiп тұр ғой, кеңесшiмнен 100 доллар қарызға сұрап алармын деп ойладым, көңiлiм жайланып.
– Сонымен сұхбат аяқталды, журналист мырзалар, қазiр президенттiң маңызды жұмыстары бар, жол берiңiздер! – дедi кеңесшiм түсiн суытып. Қара көзiлдiрiк таққан еңгезердей төрт-бес жiгiт қоршағандарды әрi-берi итерiп, жол аша бастады. Оққағарларым шығар деп ойладым iшiмнен.
Аумағы атшаптырым кабинетке келiп кiрдiк. Кенет терезеге жақындаған кеңесшiмнiң түсi бұзылып, ымдап менi шақырды. Қарасам, көше толы теңiздей толқыған халық. Тiптi шет-шегi көрiнбейдi. Қолдарында көтерген транспаранттары, үндеулері бар: «Президенттiң кетуiн талап етемiз!», «Елдi парақорлық жайлап алды!», «Ұлт ретiнде жойылып барамыз!», «Халықтың байлығы өзiне қайтарылсын!», «Жазықсыз өлтiрiлгендердiң қаны кiмнiң мойнында?», «Сөз бостандығы жоқ мемлекеттеөмір сүру мүмкiн емес!», «Тiлiмiзге теңдiк берiлсiн!», «Мұнай доллары халықтың игiлiгiне жұм¬салсын!» деген секiлдi не бiр сұмдықтарды жазып алыпты.
Бұндайды көрмеген басым, зәрем кетiп, кеңесшiме қараймын. Ол айылын да жияр емес. Қобыраған бiр қағаздарды тез-тез сөмкесiне салып, кетпекшi болып жатыр. Бiреулермен қалта телефоны арқылы хабарласты:
– Бәрi ойдағыдай, вертолеттi дайындаңдар, мен артқы есiктен шығамын!
Кенеттен өз-өзiнен тiлiм шығып кеттi. Жанұшырып, кетiп бара жатқан кеңесшiмнiң етегiне жармастым:
– Қайда барасың менi тастап, мына халыққа не деймiз?!

Кеңесшiмде манағы сыпайылықтың бiрi жоқ. Қолымды керi серпiп тастап, кекете күлдi:
– Оны өзiңiз бiлесiз, президент мырза. Бүлдiрдiңiз, ендi жауабын өзiңiз берiңiз! – деп шығып жүре бердi.

Қап! Жүгiрiп, қайтадан терезеге бардым. Манағы манағы ма, әбден ашуға мiнген халық ғимараттың дәл терезесiнiң түбiне келiп, «Президент, шық берi!» деп айқайға басып тұр. Ендi болмаса, iшке басып кiретiн түрлерi бар.
Құрыған басым, қайдан ғана президент болып едiм, қой, не де болса кiнәсiздiгiмды айтып өлейiн деп, терезенi ашып: «Халайық, менiң ешбір кiнәм жоқ!» – деп айқай салам дегенде, өз даусымнан өзiм шошып ояндым. Даусымның қатты шыққаны сонша, өкшесi жылтырап, терiс қарап, қорылға басып жатқан Мықтыгүл де оянып, маған ұйқылы көзiмен үрпие қарады.
– Не болды, таң атпай айқайлап?!
Мықтыгүлдiң даусын естiгесiн, жаңағының бәрi түсім екенiн түсiнiп, есiмдi жиғандай болдым. Дегенмен барлығын анықтап алмақ оймен, қайтадан терiс қарап, ұйқыға баса берген әйелiмдi түртiп оятып алып:
– Кiм... Мықташ, сен доктор емессiң бе? – деп батылсыздау сұрақ қойдым.
– Не?!
– Сен... ғылым докторы емессiң бе?
– Бишара! – дедi ол өзiнiң әдетiнше, – доктор емес, академикпiн, ұйықта! Оқымайтын газетің жоқ, сенiң түбiңе жетедi бiр күнi!
Ура! Шынымен-ақ жаңағы сұмдықтың бәрi түсiм екен! Мен президент емеспiн! Доктор болмаса да, Мықтыгүлiм өз жанымда. Ең бастысы, мойнымда ешкiмнiң обал-сауабы жоқ! Құрысын бәрi, өз үйiң, өлең төсегiңде қайғы-мұңсыз жатқанға ештеңе жетпейдi екен!
Апырмау, президент болмаудың өзi адамға осыншама қуаныш сыйлайтынын кiм бiлген? Қайтадан көзiм iлiнiп бара жатып, осыны ойладым.

Сайлау Байбосын

Пікірлер