Садық Шерімбек. СЕНІҢ ЕСІМІҢ...

2396
Adyrna.kz Telegram

Туылмаған сәбилер елінде болдым бүгін түсімде. Қақпадан кіре бере кіп-кішкентай шекарашы қарсы алды. Жүзіме таңырқап қарап тұрды да, мені бір айналып шығып, аздап толқыған үнмен “Үлкен адам келдііііі!” деп бірнеше рет жар салды. Сол-ақ екен, сан мың бала жан-жақтан кетті жинала. Айналама топырлаған олар мені қоршап алып қол-аяғымды, шаштарымды ұстап көріп жатты. Енді бірі құлағыма жаңғырып сөйлесе, екіншісі мойныма асылып алып еркелеуде еді. Әрқайсы бір-біріне қарап, сөйлесіп, біресе, келесі бірінің сөздерін жатты мақұлдасып. “Үлкендер осындай болады деп айттым ғой!” деп тағы бірі сөзін нықтап қояр. Әйтеуір, мәз-мейрам боп, үлкен “ойыншықпен” ойнап жатыр балалар. Бір мезет кішкентай бала жүгіріп келді де, қолымнан сүйреп, өзімен әкете бастады. Басқалар да мені босатып қоя берді.
- Аға, жүріңіз! Жүріңізші! Мен сізге үйді көрсетемін! - дейді ентелей жүріп ертіп келеді.
- Әй, балақай?! Сен кімсің? Қайда апара жатсың мені? - деймін кішкентайды тоқтатып, өзіме қарата аздап жымиып.
- Үуууй, танымадыңыз ба, шынымен? Садық аға, мен сіздің ініңізбін ғой Қозы ағадан кейінгі! - деді күлімсіреп.
- Ееееъ, сен қайдан? Сол інім сенбісің?! - деймін жүзіне анықтап қарап. Аздап тұтығып қалдым. Құшақтап алдым. Жүзіне қарасам, мамам суреттегендей шаштары қайратты, ақсарыдан келген бала екен. Маған да, Жасминге де ұқсайтын сияқты. Бәлкім, Оралханға.
- Иииәәәә! Енді жүріңіз тезірек. Үлгермей қаламыз, әйтпесе! - деп сүйреп мені бір кішкентай үйге алып келді. Кішкентай екен расында.
Үйдің ішіне сыйып кірдім. Кірген бойда мені үйімен таныстыра кетті.
- Ағатай, мынау менің үйім. Мынау менің бесігім...
Үйіндегі барлық заттары орын-орнында әдемі жиналған. Қонақ күтіп отырғандай екен бейне бір. Бесігі болса, мен жатқан бесіктің дәл өзі. Кішкентай жүгіріп барды да, бесікке секіріп жатып алды. Жатқаны сол-ақ екен бесік түрлі түске боялып, ішінен әлди әні естіле бастады мамамның. Ішінде маманың бізге айтқан барлық әлдиінің даусы сақталған екен.
- Күнде осылай мамамыздың даусын естіп ұйықтаймын, ағатай! - деді, - Сіз де маманың даусын естіп ұйықтайсыз ба?
- Жоооқ, жаным, мен үлкен баламын ғой. Маған мамалар әлди айтпайды! - дедім жымиып.
- Ал, маған айтаады күнде. Азанда оянған кезде де маманың даусымен оянамын! - деді көкірегін мақтаныш кернеп.
Құлағыма “Садықжааан, тұрыңдар енді жата бермей!”, “Шармонтай (Оралхан), тұра ғой, сабағыңа кешігесің!” деген мамамыздың үні естіле бастады. Жымидым.
Әрі қарай көрсете бастады. Үй бөлмелерінің әр бұрышында біздің кішкентай кезімізде ойнаған ойыншықтарымыз жиналып тұр. Қарап тұрып өзімнің жоғалтқан пластик сары машинамды, бұзып тастаған жүк көлігімді және атам көлігімен басып сындырып кеткен үш дөңгелекті велосипедімді таныдым.
- Бұлардың бәрін жөндеп қойғанмын, ағатай! - деді маған сүйіне қарап, - Рәби әпшенің, Қозы ағаның, Оралханның, тіпті, Жасминнің де ойыншықтарын бұзылған ойыншықтарын тауып алып, жөндеп қойдым.
- Жарайсың! - дедім басынан сипап.
- Енді сізге мен ең жақсы көретін жерді көрсетемін! - деп қолымнан ұстады да, тағы бір бөлмеге кіргізді.
Ортасында үлкен айна бәлкім, сәуле сияқты бір зат бар бөлменің іші толған сандықтар екен.
- Бұл менің “Отбасым” деп аталатын бөлмем! - деді маған қарап.
- Мұнда не бар?! - дедім қызыға.
- Мен осы бөлмеден сіздерге қарап отырамын…
Айнаға қарағаным сол еді, Астанадағы үйдің ішінде болып жатқан оқиғалар көріне бастады. Апам отыр. Рабиға жұмыс істеп отыр. Қозы жастықта телефон шұқылап жатыр. Көкем мен мамам жұмыстан келмеген сияқты.
- Ағатай, ал мен мына бұрыштағы сандықтарға біздің отбасының барлық естеліктерін жинап қойғанмын. Бәрі, бәрі бар менде. Күнде қарап отырамын! - деп әдемі сандықтарды бірінен кейін бірін аша бастады.
- Мынау Қозы аға оқу бітіріп келгендегі үйдің қуанышы. Мынау Жасмин туылған кездегі қуаныш. Ал, мынау Оралхан келген кездегі отбасының қуанышты сәттері.
Әп сәтте бәрі көз алдымнан өте шықты.
- Бәрін жинап алыпсың ғой. Керемет жинақ жасапсың! - деп мақтап қоямын сыр білдірмей.
- Ал, мына сандықта тек мамамыздың бақытты сәттері бар. Көргіңіз келе ме?
- Әрине, аша ғой! Көргім келеді ғой, - дедім көзім ашыға.
- Ендеше қараңыз, мынау сіз теледидарға шыққан кезде мамамның қарап отырған сезімі. Мына жерде Рәби әпше сайтқа шыққан кезде соны оқып отырып қуанған сәті. Сіздің кітабыңыз шыққан кез. Мынау болса, көкем екеуінің қырдағы үйдегі бақытты сәттері… - деп барлық жиғанын ашып көрсетіп жатты. Шешемнің қуаныштан көзінен тамшы үйірілгенін көргендей болдым. Әрі қарай көкемнің, атамның, әжемнің, менің... сандықтарымыз екен.
- Ағатай, біздің мамамыз қандай?
- Хмм, қалай айтсам екен…? - деп ойланып қалдым бір сәт.
- Жұмсақ па? - деп сауалын жалғастырып кетті.
- Әрине. Жұп-жұмсақ...
- Тағы қандай? - деп маған қарай қабағын аша түсті.
Теңеу таппай қалдым осы жолы.
- Қалай айтсам екен, біздің мамамыз мейірімді ғой. Біздің мама онымен қоса өте ақылдыыы, - дедім.
- Оны сезіну қандай болады? Мама сізге мейірімді болған кезде сізге жұмсақ болып сезіледі ме?
Осы жерде ол үшін бүкіл сезім жұмсақ-қатты немесе жылы-суық болып қана сезілетінін түсіндім. Күлдім.
- Әрине, қошақан. Жұмсақ және жып-жылы болады мамалар.
- Кеше мамамыз жұмыстан шаршау болып келді. Ұйықтап қалды. Кеше бірдеңені уайымдап қалған сияқты болды маған? - деді кішкентай аздап алаңдап.
- Білмедім, кеше мамамен сөйлесе алмадым…
Біртүрлі болып тымырайып қалды.
- Мамалармен күнде сөйлесу керек қой! - деп ренжігендей көзбен қарады.
- Иеей, жаным інім-ау, кешірші. Бұдан былай күнде сөйлесуге тырысамын. Үлкен балалар ақымақ болады, ұмытып кете береді ғой оны, - деп шекемді ұрып қойып, жұбата құшақтадым оны.
- Мен мұнда “Үйіне келе жатып мамасынан адасып қалып кеткен” балалардың қатарына жатамын… - деді жымиып.
- Басқа тағы қандай балалар бар сонда? - дедім тоқтатып.
- Басқаааа, “Үйлеріне келе жатып мамалары жолдан қалдырып кеткен” балалар бар… - деді жүзі өзгеріп.
Тағы да мейірлене құшақтадым. Дәл Рабиғаны, Қозыны, Оралханды, Жасминді құшақтағандай.
Ол маған үйінің айналасын, ауласын, көшелерін, ағаштарын көрсетті. Біраз қыдырдық. Менің өзімнің есімнен шыққан көп нәрселерді айтып берді інім.
- Мынау сіздер қырдағы үйдің тапшанның айналасына еккендеріңіз! - деп үлкен ағаштарды көрсетті.
- Әй, ол ағаштар сол бойы өспей қурап кеткен еді ғой! - дедім таңырқаған күйі қарап.
- Мен өспей қалған көшеттерді тауып алып қайтадан өсірдім ғой! - деді менің қолымнан қысып ұстаған күйі.
Қолдарын ұстап, қасына отыра кеттім. Үнсіздік орнады.
- Сізге мұнда қалуға болмайды, ағатай! - деді аздап мұңлы дауыспен.
- Білемін…
- Садық аға, әр мама екіқабат кезде іштей баласына бір ат қойып қояды екен ғой. Мамамыздан менің атымды сұраңызшы, иә ма? - деді мейірімді көздерімен маған өтінген күйі.
- Сұраймын, жаным інім. Міндетті түрде сұраймын.
- Тағы… Сол атпен мені өмірде бір рет болсын дауыстап, шақырыңызшы, иә..?

Оянып кеттім. Жылап жатыр екенмін.

Есімді жиып мамаға қоңырау шалдым. Бір сағат бойы сол кішкентайға екіқабат боп жүрген кездеріндегі қызықтарын айтып берді.
- Баяғыда жиі есіме алып тұратын едім… Кейін тірліктің әуресімен ол да сиреп кетті ғой. Түсіме кіретін еді. Алыстан қарайтын. Бәлкім, "Маматайды қорқытып алмайыншы" деп жақындамаған шығар... Көкең қааатты жақсы көріп еді. Түсіп қалғанда қатты жылап еді, - деп өткен сәттерді еске алдық. Сол кішкентайды көтеріп жүрген кезіндегі көрген түстеріне дейін есінде екен, тіпті… Ана ғой. Оның аты - Ана...

...Ал, сенің есімің - Мейірхан…

Пікірлер