Қазығұрттықтар қызметтен 4 жыл бұрын кеткен "Елбасы жолдауын" Жайдарман арқылы оқушыларға насихаттамақ

3020
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының Ішкі саясат бөлімі "Елбасы жолдауын" Жайдарман арқылы оқушыларға насихаттамақ, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы goszakup.gov.kz cайтына сілтеме жасап.

Қазығұрт ауданының Ішкі саясат бөлімі 2023 жылдың 30 мамыры күні құны 4 500 000 теңге болатын "Елбасы жолдауын" насихаттауға бағытталған тендер жариялаған. Ішкі саясат бөлімі Елбасының жолдауын былай қойып, Елбасы статусының да біржола алынып тасталғанын ұмытып кетсе керек. Төрт лоттан тұратын тендердің бірінің ғана жеңімпазы анықталып, жобаны жүзеге асыру ісі жергілікті ардагерлер ұйымына берілген.

4 шілде күні қалған лоттар қайтадан 2 800 000 теңгеге бағаланып, goszakup.gov.kz cайтына қойылған. Қазір жеңімпаздың кім болатыны анықталуда.

"Қазығұрт ауданы көлемінде діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында іс-шаралар ұйымдастыру, Елбасы жолдауын насихаттау, "Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу" бойынша шараларын ұйымдастыру" деген ұзақ тақырыппен жарияланған екі тендердің де техникалық сипаттамасында ескі Қазақстанда қалған Елбасының жолдауына қатысты ештеңе айтылмаған. Оның орнына қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің биылғы жылы жариялаған жолдауына арналған арнайы 500 дана кітапша жасату, ақпараттық кітапшаны кездесулер барысында тарату, билборд жасату, "Мемлекеттік тіл - тәуелсіздігіміз" тақырыбында аудандық газетке кем дегенде 2 мақала жариялау, т.б бірнеше ұсақ-түйек жұмыстардың атқарылу керектігі көрсетіліпті.

Ең қызығы сол, ішкі саясат бөлімі Жолдауды мектеп оқушыларына насихаттамақ ниеттері бар көрінеді. Ескі Қазақстанда қалып кеткен "Елбасы" атауын Жаңа Қазақстанның тендеріне тақырып еткендер "Президент жолдауын қолдау, мемлекеттік тіл тұғырымыз" тақырыбында мектеп оқушылары арасында «Жайдарман» ойынын өткізуді де жоспарлап отыр екен.

Техникалық сипаттамада Президент Жолдауын насихаттайтын Жайдарман ойындарына кемі 10 команда қатысуы керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген.

Біздің көкейімізде "Мектеп оқушылары арасында өтетін Жайдарманның жолдауға қандай қатысы бар?" деген сұрақ тұр. Бұл сұрақты ресми хатпен Қазығұрт ауданының ішкі саясат бөліміне жолдадық. Біз жолдаған сұраққа Қазығұрттықтар жауап беріп жатса, оны да порталымызға жариялайтын боламыз.

 

Қанат БІРЛІКҰЛЫ,
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер