АРМАН ӘУБӘКІР: Зайырлы мемлекеттің білдей Оқу-ағарту министрі муфтиятпен ақылдасып, хиджаб мәселесін шешетіндей не басымызға күн туды?

12269
Adyrna.kz Telegram

Оқу жылы қарсаңында хиджаб дауы өршиді. Заң бар. Бірақ солқылдақтау. Оқу-ағарту министріміз сол заңды айналып өтетін жол іздеп жатқанға ұқсайды.

Министр онлайн жиналыс өткізіп жатыр. Оған бір діни азамат қатысып отыр. Ол атаулы онлайн шараны қайдан естіп қатысып отыр? Өйткені, ол жиынды қарапайым азаматтар түгіл журналистер де білген жоқ. Және әдетте бәрін жіті қадағалайтын билік органы әлгі адамға өктем-өктем сауал қоюға қалай мүмкіндік беріп қойды? Әлгі кісі хиджаб мәселесін ғана көтермейді, мектептерде ұлдарға намаз оқитын орындар дайындауды да министрге “қатал тапсырады”. Бірақ министріміз бұл сөзді естімеген сыңай танытады.

Мен министрдің орнында болсам, “айналайын, мектепте қайдағы намаз оқитын орын?” деп қарсы дауыс көтерер едім. Жоқ, министр тіпті олай етпейді. Бәлкім, үнсіз құптайды да. “Үнсіздік - келісу белгісі” деп орыстар бекер айтпаса керек.

Сонымен, министр не дейді? “Барынша мәселені шешуге күш салып жатырмыз, ортақ бір келісімге келеміз деп үміттенеміз. Муфтиятпен осы мәселе туралы жиі-жиі кездесіп, ақылдасудамыз. Маған хиджаб киетін балалардың тізімі керек. Соны ұсыныңыздар” дейді. Зайырлы мемлекеттің білдей Оқу-ағарту министрі муфтиятпен ақылдасып, хиджаб мәселесін шешетіндей не басымызға күн туды? Муфтият статусы шындап келгенде заң тұрғысынан еліміздегі көп ұйымдармен бірдей. Екіншіден, министр діни мекемемен ақылдасып, бағыт-бағдарын анықтайтын болса, біз қайдағы зайырлы елміз?

Әлгі вирус ретінде тараған видеода “санымыз қанша екенін көрсетейік, министр бізді қолдап отыр, тек санымыздың көп екенін көрсетсек болды” деп аяқтайды.

Осы дау қарсаңында тағы бір нәрсеге назар аудартқым келеді, жаңа жасақталған парламент қабырғасында хиджабты жақтайтын депутаттар да бар көрінеді. Оны әлеуметтік желідегі парашасынан да оп-оңай анықтауға болады.

Сондай депутаттардың бірі - Айгүл Құспан. Ол Мысырдағы Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылуында уаһабиттік-салафиттік сарындағы қап-қара хиджабқа оранып алғанын көруге болады. Ертең “Жаңа Қазақстанның” осындай депутаттары Ата заңды діни сарында жазып шықпасына кім кепіл? Онда нақ Ауғанстан, Сирияның кебін киеміз. Ал осы діни-радикалдық ойындарға мүдделі алпауыт елдер “тынышталдырамыз” деп әскер кіргізіп, жерімізді, жер байлығымызды тегін алатын болады.

Арман Әубәкір

 

 

Пікірлер