Кандидаттар дебаты. Порошенко мен Зеленский не айтты?

291

19 сәуірде Украина астанасы Киевтегі "Олимпийский" стадионында президенттікке кандидат Петр Порошенко мен Владимир Зеленский арасында дебат өтті.

Дебатты бастаған Зеленский «2014 жылғы сайлауда Петр Порошенкоға дауыс бергенін, бірақ онысы қате болғанын» айтты. Ол «дәрі-дәрмек жетпей, жол жоқ болса, ол қандай реформа» деп, қазіргі Украина президентінің жұмысын сынады.

Ал екінші болып сөз алған Петр Порошенко «бұл дебатқа әзер жеттік, өйткені Зеленский мырза бізден, халықтан жасырынып келді» деді.

Ол Зеленскийдің ел басқара алатынына күмәні бар екенін білдірді. Порошенко «бұл кандидат әлсіз, Путиннің соққыларын көтере алмайды» деді.

Украинаның қазіргі президенті Петр Порошенко «2014 жылы Украинаны президент ретінде қабылдап алған кезде елде алтын резерві бос болған, ел қазынасында ақша жоқ, әскер де жоқ еді» деді. Ол Зеленскийді «елде соғыс болып жатқанда сен Ресейдің ақшасына кино түсіріп, Украинаны мазаққа айналдырып жүргенсің» деп айыптады.

Дебатқа келген жұрт. 19 сәуір 2019 жыл.
Дебатқа келген жұрт. 19 сәуір 2019 жыл.

Ал Зеленский Порошенкодан «ДНР мен ЛНР аймағында (Украинаның шығысын басып алған ресейлік сепаратистердің мойындалмаған республикасы – ред.) «Рошен» (Петр Порошенкоға тиесілі кондитерлік компания – ред.) конфеттері сатылып жатқаны рас па?» деп сұрады. Украина президенті мұны «жалған» деді.

Порошенко Зеленскийден «серіктесіңіз (миллиардер Игорь Коломойский – ред.) «Приватбанктегі» қаржыны ұрлап кеткені үшін оның қолын кесесіз бе?» деп сұрады. Зеленский бұл сауалға «айыпты болса жауап береді, бәрі түрмеге отырады» деді.

Дебат кезінде Зеленский Порошенконың «Украинаны бес жылдан соң қалай елестетесіз?» деген сұрағына «Украина Еуропаға бет алды, сол үшін қанын төкті. Егер халық мені гарант деп қолдаса, оған дайынмын. Мен президенттік қызметте тек бес жылға ғана отырам. Қайта сайланбаймын» деп жауап берді.

Игорь Коломойский кім?

Игорь Коломойский - олигарх, саясаткер. Ол 2014 жылы Петр Порошенко билікке келген соң Украинаның Днепропетровск облысына губернатор болып тағайындалған. Бірақ бір жылдан соң 2015 жылы наурызда өз еркімен қызметтен кеткен. Ақпарат құралдары Коломойскийдің губернаторлық лауазымнан бас тартуына президент Порошенкомен ара-қатынасының бұзылуына себеп екенін айтқан. 2016 жылы Украина Коломойский иелік ететін "Приватбанкті" мемлекет өз қарауына алған. Кейін 2017 жылы банк Коломойскийдің үстінен Лондон сотына арызданған. Ал Лондон соты миллиардер мен оның серіктестеріне тиесілі 2,5 миллиард доллар қаражатты бұғаттаған. Бұдан бөлек Игорь Коломойский - "1+1" телеарнасының да қожайыны.

Бұдан соң сөз алған Порошенко «Пятый каналды» (Порошенкоға тиесілі телеарна - ред) әділдікті айтатын, журналистерге қолайлы орын деп сипаттады. Ол «1+1 арнасын» (миллиардер Коломойскийдің жекеменшік телеарнасы - ред) «жалған ақпарат таратумен айналысады» деп айтыптады.

Дебаттың біраз бөлігі Петр Порошенко мен Владимир Зеленскийдің емес, Порошенко мен Коломойский арасында өткендей әсер қалдырды. Президент сөзінің көп бөлігін миллиардерді айыптауға арнады.

Игорь Коломойский мен шоумен Владимир Зеленскийдің қарым-қатынасы туралы ақпарат құралдары жиі жазады.

Порошенко «сіз Шешенстан президенті Рамзан Қадыровты мазақтап, артынан кешірім сұрап едіңіз. Ал Украина халқынан жезөкшеге теңеп, үнемі мазақтайсыз, сол үшін қашан кешірім сұрайсыз ба?» деді. Зеленский «Қадыровпен ешқашан кездеспегем» деді де, «соғыста баласын жоғалтқан анадан, әкесін жоғалтқан баладан, бүкіл Украина халқынан кешірім сұрауға қашан да әзірмін» деп, тізерлеп отырды.

Зеленский «сіз 98 жылдан бері шенеуніксіз. Бірақ кейін олигарх болып кеттіңіз» деп, Порошенконың кәсібіне күмәнмен қарайтынын айтты.

Зеленский «Петр Порошенконың жетістігі аз емес – тіл, әскер, Еуропа одағымен визасыз режим. Бірақ бұл жетістіктерді ол өзіне меншіктеп алғысы келеді. Менің ойымша, украин тілі сізге дейін мықты болған, ал Еуропамен визасыз режим – сізге дейінгі дипломаттардың да еңбегі. Әскер – Украина халқының, еріктілерінің ерлігі. Бұл жүйені өзгерте алатынымызға сенем. Ал сіз біздің бес жылымызды ұрладыңыз» деді.

Порошенко «Сіз талантты актерсіз, жақсы продюсерлік компания құрдыңыз, жақсы теле өнім жасадыңыз. Бірақ сіз – елден қашып кеткен жалғыз олиграхтың (Коломойский айтады– ред.) адамысыз. Коломойский, неге халықтан ақшаңызды жасырасыз, неге тығыласыз? Зеленскийдің жақтастары, сіздер 21 сәуір күні мемлекетті Путин мен Коломойскийдің талауына бермеулеріңізді сұраймын» деді.

Дебат ережесі бойынша әр кандидат 5 минут кіріспе сөз сөйледі және 36 минут сұрақ-жауап кезеңін өткізді. Одан кейін қорытынды сөзге 5 минут берілді.

Зеленский Порошенкоға сұрақ қойып тұр. 19 сәуір 2019 жыл.
Зеленский Порошенкоға сұрақ қойып тұр. 19 сәуір 2019 жыл.

«Олимпийский» стадионында екі сахна құрылған және кандидаттардың қолдаушылары да сол екі сахнаның маңына топтасты. Дебат басталарға бірер минут қалғанда Петр Порошенко Владимир Зеленскийдің сахнасына барды. Екі үміткер бір-біріне жылы шырай танытып, қол алысты.

  • Сайлаудың екінші кезеңіне өткен соң Зеленский Порошенконы дебатқа шақырған. Порошенко бірден келісім берген. Дебат 14 сәуірге белгіленген. Киевтегі «Олимпийский» стадионы дебат өтетін жер ретінде таңдалған.
  • 14 сәуірде Порошенко дебатқа келген. Бірақ Зеленский «дебатты өз мақсатына пайдаланғысы келетін күштер бар» деп стадионға келмеді. Порошенко стадионға келген жақтастарының алдында сөз сөйлеп, журналистерге сұхбат берген. Кейін екі кандидаттың командасы дебатты 19 сәуірде өткізуге уағдаласқан.
  • 31 наурызда Украинадағы сайлауда Зеленский 30 пайыз, Поршенко 15 пайыз дауыс жинап, екінші турға өткен. Киев халықаралық институтының сауалнамасының нәтижесі бойынша, екінші кезеңде сайлаушылардың 72 пайызы Зеленскийге дауыс беруге дайын.
  • Сайлаудың екінші кезеңі 21 сәуірде өтеді.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер