Ұларбек Нұрғалым:  Қыздың қадірі осынша дәрежеде тапталған емес

2178

Павлодарда белгілі ақын, жазушы халықаралық «Рух» әдеби байқауының жеңімпазы Ұларбек Нұрғалыммен кездесу кеші өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

«Jebe» қоғамдық бірлестігі және «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты ұйымдастырған шара барысында жазушы көрермендердің сұрақтарына жауап бере отырып, ұлттық болмыс жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, жуырда жарық көрген «Дайағашшы» кітабының таныстырылымы өтті.

Ұларбек Нұрғалымның айтуынша, сөз жоғалса, ұлт жоғалады. Ал, ұлттық үғымға тікелей әсер етіп тұрған, болмысымызға жақындататын ол – ән, күй, жыр. Оған қоса, жазушы қазақта «қайыршылық ұғымы» жоқ екенін айтып, кітапқа енбеген әңгімесін паш етті.

- Ауылдағы адамдар табиғи әңгімелер тудырады, - деді Ұларбек Нұрғалым. – Қай ауылда кедей жоқ. Біздің ауылда бір кедей болды деп айтпаймын. Кедей көп болды. Оның ішінде кедейдің бір кедейі болды. Қырсық кедей еді. Ағайындары көмектесіп тұрса да, жетіспей жатады. Ауыл халқы шаруалары болса көмекке шақыратын. Соны анау «маған дүние бердіңдер, сол үшін шақырасыңдар. Бересіңдер де, бұлдайсыңдар. Мен құлмын ба сендерге» деп өзге ауылдарға қайыр сұрауға шығады. Барған ауылында руының беделді азаматы жолығып, мән-жайды білгеннен кейін оны соққыға жығып, қойын беріп, ауылына әкеп, келесіде қайыр сұрап шықса аяғын сындыратынын жеткізеді.

Ру деген осылай жамандықтан тыю үшін, ұстап отыру үшін керек еді. Қазір ол басқа форматта. Осындай тыйым жоқтығынан қазір не болмай жатыр. Сондай-ақ Ұларбек Нұрғалым қазақтың дәстүрлі әні адамды жан-жақты ойлануға тәрбиелейтінін айтты.

- Қазақтың әндерін кеудемізге қондыра алатын болсақ, сондай рахаттанамыз, - дейді жазушы. – Басқа нәрсенің керегі жоқ боп қалады. Эстрада құлағыңызға кірмейтін болады. Бүгінде «ақ қайыңның түбіне кел» деген сияқты құйыла берсе, сана басқаша ойлануға талпынбайды. «Анда барсам жоқ, мында барсам да жоқ, таз болсаң да келші» деп бұрын қыз сезімін білдірмеген. Қыздың қадірі осынша дәрежеде тапталған емес. Оны бәріміз мәз болып тыңдап жүрміз. Бұрын қыздың бағасы биік еді, қыз құрметті орында болды. Бұндай әндер сананың тұйықталуына, тығырыққа тірелуіне әкеледі. Өрттің өзі сымның қысқа тұйықталуынан болады. Суицид жасайтын адамдардың ойлары тұйықталып қалады. Ал, қазақтың бір әнінде бірнеше ой болады, түсінгеннің санасы сан түрлі ойға батады.

Кездесу кешіне өңіріміздегі ЖОО-ның, колледж студенттері мен әдебиет сүйер жастары жиналды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко ақынға ұлттық бағыттағы тәрбиеге атсалысқаны үшін алғыс хат табыстады.

Оразбек Саяхат 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket