Мұхтар ШЕРІМ. СЕКІРІП ӨЛЕМ!

2080
Adyrna.kz Telegram

Президент сайлауы қарсаңында секіріп өлгім келді. Анығын айтсам, суцид жасап, қоғамды дүр сілкіндірмесем де, тітіркендіргім, билікке наразылығымды білдіргім келді. Бірақ мен кіммін? Мен о дүниеге аттанғанда, аспан жыртылеп–жыртылеп кетер ме?
Үлкен көпірдің үстінде тұрмын. Ойланып. Толғанып. Секірсем бе, секірмесем бе? Бір кезде көпір қоршауынан аяғымды асып, бұтымды көтере бергенімде, шатым шым ете қалды. Бұрылып қарасам, бір әдемі келіншек тұр. Санымнан шымшып алыпты.
–Кешіріңіз, сигаретіңіз бар ма? –деп сұрады. Қап мынаны–ай, ә? Қалтамнан темекі алып бердім. Сөйттім де, екі айдан кейін болатын сайлаудың әділ өтпейтініне наразылығымды білдірейін деген оймен аяғымды темір қоршауға асып, екінші аяғымды көтере бергенімде, шатым тағы шым ете қалды. Қарасам, жаңағы сұлу келіншек.
–Кешіріңіз ағай, оттығыңызды бере тұрыңызшы, бәрібір сізге керегі жоқ қой? –деп сұрады. Өзі тәкаппар. Өзі сұлу. Өзі сондай... Менің өлейін деп жатқаныма пысқырмайды да. Оттықты бере салып, ойланып қалдым. Секіріп өлсем бе, өлмесем бе? Ал, өлдім. Не болады? Жооқ, шешінген судан тайынбас. Секіріп өлемін! Мына сайлау әділ өте ме, өтпейді ме? Әлде президенттің туысы, не қызы патша бола ма? Еех, жаңашыл, еліне жақсылық жасаудан шаршамайтын президент келсе ғой? Әй, қайдам, одан да өле салайын да... Аяғымды асып, темір қоршаудың арғы бетінде тұрмын. Бір, екі, үш! Секіріп өлемін! Құлай бергенімде, курткамнан біреу тартып қалды. Жаңағы бикеш:
–Кешіріңіз ағай, сіз бәрібір өлесіз ғой, ұялы телефоныңызды бере тұрыңызшы, құрбыммен сөйлесіп алайын, –дегені. Қап, мынаны ай, ә? Ұялы телефонымды алды. Жоқ, енді ештеңеге қарамаймын! Секіріп өлемін! Президенттік сайлауда демократия жоқ болуы мүмкін! Енді секіре берейін дегенімде, сұлу келіншек:
–Кешіріңіз, сізбен сүйісуге болады ма? –деп қойып қалғаны. Жалт қараппын. Ол білегін мойныма асып, әбіржіп тұрғаныма қарамастан, ернімнен сүйіп–сүйіп алды. Сөйтті де, көше бойлап кете барды. Соңынан тамсана қарап қалыппын. Әдемі келіншектің әдемі ернінің дәмі аузымнан кетпей, өмірге құштарлығым оянып, темір қоршауды тастай, соңынан ілесе бердім. Саясат, сайлау, бәрін ойымнан шығарып, махаббат тендерімен айналыссам деймін! Жоқ, мен секіріп өлмеймін, кім болса да, келесі президентті көргім келеді!

Пікірлер