Өткен айдағы оқиғаның видеосы енді тарады. Сәбиден кешірім сұраған боксшы ақталып әлек

6657
Adyrna.kz Telegram

Белгілі қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов елордадағы сауда орталығында болған жағдай туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Төбелес видеосы жарияланған Egovpress  телеграм арнасының мәліметінше Шүменовтің қолында баласы бар адамды ұрған оқиғасы 18 маусымда болған. Алайда бұл оқиға туралы БАҚ енді ғана мәлімет таратып, желіде де адамдардың өзара айтысып, реакция тудыруына себеп болған.

«Менің 8 жастағы ұлым ойын алаңында ойнап жүрген болатын. Сол кезде басқа бала себепсіз оның арқасынан ұра бастады. Балам бұл баланың іс-әрекетін түсінбей, одан алыстап, әрі қарай ойынын жалғастырады. Бірнеше минуттан кейін әлгі бала қайтып келіп, менің ұлыма тағы да шабуыл жасамақ болады. Содан соң ер адам баласын алып кетті. Менің ұлым мұндай қарым-қатынасқа үйренбеген. Бұл оған үлкен стресс болды. Балам маған келіп, бейтаныс баланың ұрған жерлерін көрсете бастады. Арқасы жырылған, қызарып кетіпті. Содан соң мен баланың әкесіне барып «Менің ұлымды ұрған сенің балаң ба?»- деп сұрадым. Ол сауалыма «Иә. Не істей аласың?»- деп агрессиямен жауап берді. Оның жауабына таңғалдым. Мойнынан ұстап «Қалай-қалай сөйлеп тұрсың?»-деп сұрадым. Ол сол қолымен столдағы заттарды алып, шабуылдай бастады. Кейін қолындағы заттың пышақ еместігін білген соң, баласын тастап, оң қолымен пышақты алып, маған жұмсап үлгерді»,—деді спортшы.

Бейбіт Шүменов ер адамның өз баласын қалқан ретінде пайдаланғанын атап өтті.

«Сіздер баламен тұрған еркекті аяп жатырсыздар. Ал оның баласын қалқан ретінде қолданып тұрғанын ойламадыңыздар ма? Мен кәсіби боксшымын, соққыларымды қайда жұмсау керектігін білемін. Баланы ұрған жоқпын. Содан соң біз Есіл аудандық полиция бөлімшесіне келдік. Балалардың анасы менен де, жұбайымнан да кешірім сұрады. Анасы ұлы аутизммен ауырғандықтан басқаларды себепсіз ұрып-тебуі мүмкін екен екенін айтты. Ұлдың анасы осылай айтқанда мен оларды қатты аядым. Балаларды қатты жақсы көремін, сондықтан сабыр тілеп, ұлының айығып кетуіне тілектестік білдірдім. Бәріміз жылы қоштастық»,—деді ол.

Айтуынша, ер адам аса зардап шеккен жоқ.

«Сот сараптамасы оның дене жарақаттарының салдарынан денсаулығына жеңіл де, орташа да зиян тимегенін анықтады. Ер адамның қолында болған баладан кешірім сұрағым келеді және бала осы жағымсыз көріністің куәсі болғанына өкінемін. Қазіргі уақытта жанжал толығымен аяқталды. Мен пиарға қызықпаймын және лас интригаларға қатысқым келмейді»,– деді боксшы.

Пікірлер